Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек ай сайын өткізетін облыс тұрғындарын қабылдауын қашықтан жүргізді. Бұл жолы барлық сұрақтар әлеуметтік салаға қатысты болды. Онлайн-қабылдауға мемлекеттік құрылымдардың, облыстық денсаулық сақтау және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Қарағандылық Гүлмира Жүликеева облыс әкіміне немерелеріне оңалту қажет екенін және пәтер алаңын ұлғайту туралы өтініш білдірді. Оның қызы, екінші топтағы мүгедек, 2018 жылы тірек-қимыл аппараты аурулары бар егіздерді дүниеге әкелген. Қыздарға мүгедектер арбасында жүруге ыңғайлы болу ауданы үлкеніреу үй қажет. Сонымен қатар оңалтуға арналған тренажёрлар орнатуға бөлек бөлме керек.
– Бүгінде тұрғын үй кеңістігін кеңейту бойынша бірнеше шешім бар. Біз бұл мәселені шешуге тырысамыз, – деді Қарағанды қаласының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев.
– Оңалту мәселесін мен бақылауға алатын боламын, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімінің қабылдауына Майқұдық тұрғыны Айгүл Оспанова келді. Оның ағасы арбаға таңылған мүгедек. Жанболат Оспанов бір жылдан астам уақыт бұрын Қарағандының психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінен Абайға ауыстырылды. Қазір оның ата-анасы және өзі ағасына жиі бара алмайды: жол көп уақытты алады. Әйел Жанболатқа Қарағандының ПМӘМ-нен орын табуды сұрады.
– Иә, ағам мемлекеттік қамсыздандыруда. Бірақ біз оны тастамадық. Менің балаларым мен ата-анам Жанболатты мүмкіндігінше жиі көргісі келеді, – деді Айгүл Оспанова.
Облыс әкімі Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбековаға мәселені жақын арада шешуді тапсырды.
– Сіздердің басқармаларыңыз осындай адамдардың мүддесін қорғауы тиіс. Неліктен бұл мәселеге немқұрайлы қарайсыздар? Қарағандыда мұндай науқастарға жағдай жасау керек. Бұл мәселені шешіңіздер. Бір аптадан кейін маған атқарылған жұмыс туралы есеп керек, – деді Жеңіс Қасымбек.
Теміртаудағы құрылыс алаңында кәмелетке толмаған баланың құлауы да талқыға түсті. Бұл жағдай қоғамда үлкен дүрбелең тудырды. Бала мен оның анасының өкілі Саида Сүлейменова әкімнен істі жеке бақылауға алуды сұрады. Сондай-ақ, Еңбек министрлігі, Денсаулық сақтау басқармасы, Теміртау қаласының ІІБ және Бас прокуратураның назары осы жағдайға аударылғанын қалайды. Кәмелетке толмаған бала зардап шеккен ЖШС директоры ата-анасына көмек көрсетуге уәде берді.
– Баланы емдеуге байланысты барлық мәселелерді шешу қажет. Мен өз тарапымнан істі жеке бақылауға аламын. Бір айдан кейін тағы да кездесеміз, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімінің карантинге байланысты қабылдауы әр айдың соңғы жұмасында онлайн режимде жүргізіледі. Жазылу айдың 5-нен 20-на дейінгі аралықта ай сайын (8-7212) 42-11-29 телефоны бойынша жүргізіледі.