Нұр-Сұлтанда еңбек қатынастарын қалалық Кәсіподақтар орталығы қадағалайды. Бүгінде ол 454 бастауыш кәсіподақ ұйымын және 102 919 кәсіподақ мүшелерін, яғни әр түрлі саланың жұмысшыларын біріктіреді.
«Көбінесе бізге жалақыны кешіктіріп төлеу, еңбек келісімшартын бұзу және еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша хабарласады. Өткен жылы ҚР Кәсіподақтар Федерациясы ҚР Жоғарғы Сотымен меморандумға қол қойды және оның аясында біздің Кәсіподақтар үйінде Татуластыру орталығы ашылды. Бұл орталық тек еңбек сипатындағы ғана емес, сонымен қатар тұрмыстық, отбасылық және әкімшілік кеңес береді. Онда медиаторлар, заңгерлер, психологтар жұмыс істейді», – дейді Нұр-Сұлтан қалалық кәсіподақ орталығының төрағасының міндетін атқарушы Төлеген Күнәділов.
Оның айтуынша, екі жыл ішінде Татуластыру орталығына бес мыңға жуық өтініш түскен. Олардың тек 5%-ы шешім таба алмады, қалған жағдайларда даулар сотқа дейінгі келіссөздер барысында шешілді.
«Кәсіподақтар кәсіподақ комитеттерінің төрағалары мен жұмыс берушілер – кадр қызметі, заңгерлер, экономистер өкілдеріне арналған семинар-тренингтер өткізеді. Себебі даулы мәселелер жұмыс берушінің білместігінен туындайды», – деп түсіндірді Төлеген Күнәділов.
Өткен жылы қалалық Кәсіподақтар орталығы 80 мыңнан астам семинарлар мен тренингтер өткізіп, 1500 мыңнан астам адамды қамтыды. Биыл пандемияға байланысты орталық жедел хабарламалар, интернет-платформалар мен әлеуметтік желілер арқылы тәулік бойы кеңес берді.
«Кәсіподақтардың қазіргі жұмысы тек жұмысшыны қорғау ғана емес, сонымен бірге жұмыс берушімен жұмыс жасау, өйткені жұмыс берушіге жағдай жасамай, қызметкерге жағдай жасау мүмкін емес. Яғни, кәсіподақ бұл тұрғыда әлеуметтік серіктес ретінде әрекет етеді. Пандемия кезінде елордалық кәсіподақтар өздерін нағыз серіктестер ретінде көрсетті. Мысалы, көптеген медициналық ұйымдарда және мемлекеттік мекемелерде бюрократиялық сатып алу процедураларына байланысты санитайзерлермен және жеке қорғаныс құралдарымен уақытылы қамтамасыз ету мәселесі туындады. Кәсіподақтар сол сәтте көмекшілер ретінде әрекет етті», – деді елордалық кәсіподақтар орталығы төрағасының міндетін атқарушы.
Сонымен қатар ұйым әлеуметтік серіктестік жөніндегі қалалық комиссияда қызметкерлер мүддесін қорғайды.
Жақын күндері елордада ДДҰ жұмысшылардың денсаулығын сақтауға және жақсартуға бағытталған «Салауатты жұмыс орындары» бағдарламасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Нұр-Сұлтандағы пилоттық жоба өндірістегі гимнастиканы, дене шынықтыру минуттарын және жұмысшылардың барлық санаттары үшін жұмыс күніндегі дене шынықтыру үзілістерін енгізуді көздейді.