01Қоғам

ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

Дін ешқашан мемлекеттен тысқары болмаған. Ол мемлекеттің рухани дамуындағы басты қозғаушы күштердің бірі деуге болады. Дін өміріміздегі дәстүрмен біте қайнасқан. Дін адамды тек жақсылық жасауға, адамгершілікті бірінші кезекке қойып, жақындарын бағалауға, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді негіз ретінде алып отырған. Бұл принциптер қай дінде болмасын, барлығында дерлік көрсетілген.  Біздің елімізде тарихи тұрғыда бұрыннан келе жатқан ислам діні мен христиан діні ерекше орын алатыны бәріне мәлім. Алайда бұл өзге діндердің кем екендігін білдірмейді.

Қазақстан Республикасы алғаш тәуелсіздікке қол жеткізіп, мемлекет ретінде орныққан күндерден бастап дінаралық келісім мен бейбітшілікті қалыптастыру және сақтау мақсатында, өзге мемлекеттерден ерекшеленетін зайырлы мемлекеттің өзіндік үлгісін ұсынды. Біздегі басты құндылықтардың бірі осы. Зайырлы мемлекеттің негізі: ар-ождан бостандығы, діни сенімдердің теңдігі және діни конфессияларға қатысты саяси биліктің бейтараптылығы.

Жалпы, зайырлы мемлекет ұғымының қысқаша анықтамасы – азаматтардың дін ұстану еркіндігі мен діни мекемелердің мемлекеттен бөлінгендігін білдіреді. Көп жағдайда зайырлылықты атеизммен шатастырып жатады. Алайда, бұл дінді жоққа шығару болып табылмайды. Керісінше, барлық діндерге бірдей теңдік беру мен діндердің өзара татуластығын сақтау болып табылады. Міне, осындай басқару жүйесі де көптеген елдерге үлгі және діндер арасындағы қайшылықтардың алдын алуға өз септігін тигізіп отыр.

Зайырлылық еліміздің Конституциялық принципі болып табылады. Оған дәлел, Ата заңымыздың 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», – делінген.

Сонымен қатар, әркім өзінің жеке басының бостандығына құқығы бар (ҚР Конституциясының 16-бабы), тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды (ҚР Конституциясының 14-бабы) және әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы (ҚР Конституциясының 19-бабы). Жоғарыда көрсетілген баптар мемлекеттің зайырлы сипатта екендігінің басты белгілері.

Бүгінгі таңда елімізде азаматтар дінді таңдауға, ұстануға, дінді практикаға қолдануға немесе мүлдем ұстанбауға құқылы. Демек, әр адамның өз өмірі, өз таңдауы толықтай өз қолында. Елдің болашағы үшін барлық жауапкершілікті өз мойнына алды деген сөз. Ел аумағында түрлі діни конфессиялардың болуы рухани дамуымыздың тұрақты кепілі болмақ. Азаматтардың діни жорағыларды кедергісіз орындауына да барлық жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, еліміздің барлық аймағында түрлі діни бірлестіктердің ғибадат үйлері салынған. Адам өзінің қалаған сеніміне қарай ғибадат үйіне барып құлшылық жасауға құқығы бар. Діни мерекелер уақытында діни жораларды жасауға да ешбір тыйым салынбаған. Керісінше, мемлекет басшысы діни мерекелер кезінде халықпен бірге екендігін көрсетіп, оларды әрдайым мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдіріп отырады. Бұл елімізде тұратын барлық ұлт өкілдері мен түрлі дін ұстанушы азаматтарға деген құрмет деп білуіміз керек.

Сонымен қатар, азаматтар өзіне жақын дінді қабылдаймын деп жүріп, теріс ағымдарға кіріп кету қаупі бар екендігін мойындаймыз. Себебі, елімізде ресми тіркелген діни бірлестіктерден бөлек, догмалары мен қағидалары ешбір діндерге сәйкес келмейтін, өзіндік үлгісін жасап алған, бірақ белгілі бір діндердің атын жамылған деструктивті діни ағымдар жұмыс жасайды. Олар туралы күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде кеңінен хабардар етіп отырады. Бұл тұрғыда азаматтарымыздың неғұрлым діни сауатты болғандары жөн.

Зайырлылық қағидатын ілгерілету және нығайту қоғамдағы діни мәдениет пен келісімді сақтау кепілі. Бұл діни құндылықтардың мәнін түсінуге алып келеді, ал оны азаматтық қоғамның қабылдауы діни және фанатизм арасындағы шектерді түсінуді қалыптастырады. Қоғамда зайырлылық қағидатын ілгерілету діннің рөлін әлсірету дегенді білдірмейді, қайта оны қолдап және азаматтардың сенім бостандығын тең ұстайды.

Дін мемлекеттен бейтарап саналғанымен, дін мемлекет негіздерінің бірі әрі рухани тірегі болып қала береді. Біздің еліміздің үлгісіндегі зайырлы мемлекет толерантты, ашық қоғам. Дегенмен, зайырлы мемлекеттің негізін қалай отыра, берілген құқықты асыра пайдаланбай, біздер, діндер арасындағы қайшылықтарға, келіспеушіліктерге жол бермеуіміз керек. Керісінше, мемлекетіміздің азаматтарға берілген мүмкіндігін пайдаланып, дін ұстанған жағдайда да ешкімге зиян тигізбей, өмір сүрген абзал. Зайырлы мемлекеттің тізгінін ұстау да оңай емес. Ол үшін бірталай шаруалар атқарылып, сәйкесінше заңдар қабылданып, іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Соңында, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөзімен аяқтағым келеді: «Біздің елімізде ар-ождан бостандығы Конституциямен кепілдік берілген, бірақ Қазақстанның негізгі заңына сәйкес зайырлы мемлекет болып табылатынын есте сақтаған жөн. Құдайдың құдіреттілігіне деген терең сенім біздің азаматтарымыздың, әсіресе жастардың рухани өзін-өзі жетілдіруге ықпал етуі тиіс».

Н.Ақнұр,

Эксперт-религиовед

Басқа жаңалықтар

Back to top button