Ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету – сіз бен біздің басты міндетіміз. Ұлт қауіпсіздігіне қауіп келтіретін факторлардың бірі экстремистік және террористік актілердің орын алуы болып табылады. Бұл тек республика көлемінде ғана емес, бүкіләлемдік бейбітшілік пен тұрақтылыққа қауіп төндіріп отырған ауқымды деңгейдегі мәселе. Экстремистік және террористік ұйымдардың мүшелері көбінесе деструктивті діни ағымды ұстанушылары болып келеді. Ең алдымен деструктивті діни ағымдар деген тіркеске анықтама бере кеткен жөн.
Деструктивті діни ағымдар – адамның заңды құқықтары мен бостандықтарына қауіп төндіретін, радикалды діни идеяларды тарататын және адамның рухани, психологиялық және физикалық денсаулығын бұзатын, материалдық залал келтіретін, мемлекеттіліктің негіздеріне күмән келтіретін, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды мойындамайтын және азаматтық борыштан бас тартуға итермелейтін ағым. Деструктивті діни ағымды ұстанушылардың басым көпшілігі 18 бен 35 жас аралығындағы тұлғалар. Жастарды әр түрлі интернет ресурстары арқылы өздеріне арбайды. Оның ішінде, арнайы сайттар, әлеуметтік желілер (VK, Instagram, Facebook, YouTube, Одноклассник және т.б.), мессенджерлер (WhatsApp, Telegram, Messenger FB), мобильді қосымшалар, таргетті жарнамалар көптеп кездеседі.
Деструктивті діни ағымдар араб тілді сөздерді жиі қолданады, тыйым салынған кітаптарды пайдаланады, мемлекеттік органдарға сыни көзқараспен қарайды, еліміздің салт-дәстүрін мойындамайды және осы секілді сипаттар арқылы жұмыс жасайды. Қазақстан Республикасында 17 террористік және 8 экстремистік ұйымдардың іс-әрекетіне ресми түрде тыйым салынған. Аталған тізіммен толығырақ http://pravstat.prokuror.gov.kz/ сайтында танысуға болады.
Жалпы, дін саласында қызмет ете жүріп, біздің еліміздің тұрақты дамуы үшін атқарылып жатқан жұмыстарымыздың қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Аталған салада кешенді жұмыстар атқарылуда, дегенмен жыл сайын әлем мен қоғамдағы орын алып жақтан жағдайларға байланысты өзгерістер мен толықтыруларды талап етеді. Қазіргі кезде дін саласындағы қызмет негізгі үш бағытта жүзеге асырылып жатыр: ақпараттық-түсіндіру жұмысы, интернет кеңістікте мониторинг жүргізу және деструктивті діни ағым мүшелерін оңалту жұмысы. Осы орайда, экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған және жұмыс тиімдігін арттыру мақсатында бірнеше ұсыныстарға тоқталып өткен жөн.
Аталған бағыттардің бірі ақпараттық-түсіндіру жұмысын өткізу барысында жалпы кездесулердің мақсатты топтар жиі шоғырланған жерлерде болғаны әлдеқайда тиімді. Келесі, құқық қорғау органдары ықпалымен теологтар мен психологтар деструктивті діни ағым мүшелерімен кешенді оңалту жұмыстарын жүргізеді. Алайда, бұрын террористік және экстремистік қылмыстары үшін сотталған, дәстүрлі ислам бағытына енді оралған азаматтың кейбір қызметтерді пайдалануы үшін шектеулер қойылған. Мысалы, банк есепшотын ашу, балаларын балабақшаға орналастыру, тұрақты жұмысқа орналасу және т.б. Бұл қайта мемлекетке деген кері әсерін оятып, бұрынғы жақтаушылары қатарына оралуына түрткі болуы мүмкін. Жоғарыда аталған мәселелерді тиісті мемлекеттік органдармен келісе отырып, шешкен дұрыс. Сонымен қатар, деструктивті діни ағым мүшелерімен жеке кездесу өткізу үшін негіз болатын нақты бір шешім немесе бұйрықтың қажеттігі туындап отыр. Себебі, заң тұрғысында негіздің болмауына байланысты олардың көпшілік бөлігі Орталыққа келіп, теологпен сөйлесуден бас тартады.
Террористік және экстремистік ұйымдар ғаламтор арқылы өздерінің идеологиясын таратады, халық арасында дезинформациясының таралуына әсер етеді. Көптеген сайттар мониторингтен өтіп, бұғатталғанымен, олар өз жұмыстарын әрі қарай да жалғастырып жатыр. Сондықтан БАҚ құралдары, әлеуметтік желілерде қарсы насихаттық бағыттағы фотопосттарды шығару жұмысын тоқтатпаған жөн. Оның ішінде ресми ҚМДБ тарапынан, ресми мемлекеттік органдардың сайттары жұмыстарын жақсарту, ілгерітуді және кеңнен таратуды қолға алу қажет. Ол халықтың кеңінен дұрыс ақпараттың алуына әсерін тигізеді. Деструктивті діни ағымдармен күресте ең басты құрал – ұлттық құндылықтарымызды кеңінен дәріптеу. «Отан отбасынан басталады», «Ел боламын десең бесігінді түзе» дегендей, әр ата-ана балаларына рухани, адамгершілік тәрибені кішкентай кезінен үйретулері қажет. Қоғамнын да тұлғаның қалыптасуына өзіндік үлесін қосқаны дұрыс.
А.Нұрбек,
Эксперт-религиовед