08Денсаулық

Емханалар жұмысын тексерді

Облыс әкімі коронавирустың болжалды екінші толқынына әзірлік жұмыстарын қадағалады.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ауруханалар, дәріханалар, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету қызметтерінің коронавирустық инфекцияның болжалды екінші толқынына әзірлік жұмыстарымен танысты.

Ең алдымен аймақ басшысы «СК-Фармация» ЖШС қоймасына ат басын тіреді. Қазіргі уақытта бірыңғай дистрибьютор дертке қарсы дәрі-дәрмектің бір айлық қорын жасақтаған. 15 қыркүйектен бастап ауруханаларда екі айлық қажеттілікті өтейтін препараттар қорын әзірлеу үшін қызу тасымалдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы құны 245 млн теңгеге татитын жоғары сұранысқа ие дәрі-дәрмек түрлері жедел сатып алынып жатыр. Айта кетейік, қыркүйек айында 285 млн теңгенің препараттары әкелінген болатын.

Облыс әкімі маусым-шілде айларындағы жағдайды тағы бір мәрте еске салды. Ол кездері ауруханалар мен провизорлық орталықтарда дәрі тапшылығы туындап, елге қауіп төніп еді. Одан сабақ алып, қайта қайталамау керектігіне мән берді.

«СК-Фармация» ЖШС бүгінде өңірдегі 78 медициналық ұйыммен 673 келісімшартты бекіткен. Оның жалпы құны 6,7 млрд теңгеге бағаланып отыр.

Бірыңғай дистрибьютор денсаулық сақтау нысандарының стационарларына жалпы құны 5,5 млрд теңге болатын дәрілік заттар мен медициналық жабдықтарды жеткізген екен. Облыстың инфекциялық және провизорлық орталықтарына коронавирустық инфекцияны емдеуге арналған 709,6 млн теңгенің 81 түрлі дәрілік заттары жеткізілді.

«СК-Фармация» ЖШС Жамбыл облысы бойынша өкілдігінің төрағасы Айжан Тортаеваның мәліметінше, антибактериялды препараттардың 12 түрі (жоспардың 96,5 проценті), антикоагулянттар (113,5 процент), кортикстероидтар (104,6 процент), седативті препараттар, анальгетиктер, миорелаксанттар, иммунодепресанттар мен дәрумендерді (91,5 процент) тасымалдаған.

Тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемі мен міндетті әлеуметтік сақтандыру шеңберінде амбулаторлық деңгейде 25 медициналық ұйым атынан құны 7,1 миллиард теңгеге тегін дәрілік заттарды жеткізу бойынша алдын ала өтініш түскен. Сұраныстың 98 проценті қанағаттандырылды.

Қазіргі таңда медициналық ұйымдардың дәріханаларында 1,3 млрд теңгенің тегін таратуға арналған дәрі-дәрмектері бар.

Бұдан соң облыс әкімі №5 қалалық емхананың Covid-19 ауруының болжалды екінші толқынына деген дайындық барысын көрді. Аталған мекеменің медициналық қызметкерлер құрамы 130 адамнан тұрады. Емханада пульсоксиметрлердің, оттегі концентраторлардың саны жеткілікті деңгейде қалыптасса, дәрілердің екі айлық қоры жасақталған. Мұнда төрт мобильді бригада құрылған десек, қажеттілік туындаған жағдайда олардың саны сегізге дейін артпақ.

Емхананың бас дәрігерінің орынбасары Рахат Аймұрзаев айтуынша, тұмауға және ЖРВИ-ға қарсы екпе егу науқаны қалыпты режимде жүргізілуде.

Айта кету керек, облыс әкімі де осы емханада тұмауға қарсы екпе салдырды. Ол күзгі кезеңде ЖРВИ мен тұмауға шалдығудың қауіптілігі жоғары екендігін тілге тиек етті.

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында облыс әкімі аурухана балансындағы медициналық құрал-жабдықтармен танысты. Аймақ басшысы дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдары сақталатын аурухана қоймасында болып, науқастарды қабылдауға арналған сүзгі посттарын қарап шықты.

Емдеу мекемесінің бас дәрігері Азат Сәтжанов бүгінде медициналық мекемеде коронавируспен ауыратын науқастарды емдеуге арналған екі айлық дәрі-дәрмектер қоры қалыптасқанын жеткізді. «СК-Фармация» ЖШС-мен 266 млн теңгеге дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды жеткізу бойынша 31 келісімшарт жасалған.

Бұл күні облыс әкімі қаланың бірнеше дәріханаларына арнайы бас сұқты. «Садыхан» ЖШС дәріханасында дезинфекциялық заттар мен медициналық бетперделер бар болғанымен, сұранысқа ие бірнеше дәрі табылмады. «Әмір және Д» ЖШС дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде ешқандай кедергілер жоқтығын хабарлады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button