01Қоғам

Сыбайластыққа қарсы семинар өтті

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада елорданың үкіметтік емес ұйымдар өкілдері үшін «Парасаттылық мәдениетін дамыту сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әдісі ретінде» атты семинар өтті.

Семинар тыңдаушылары парасаттылық пен адалдықты тәрбиелеудің ұлттық негіздері, этикалық мәдениет деңгейінің қоғамда сыбайлас жемқорлықтың таралуымен арақатынасы туралы теориялық білім алды. Сондай-ақ парасаттылықты ілгерілету үшін пайдаланылуы мүмкін жаңа әзірлемелермен танысты.

Семинар тренері, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін зерттеу орталығының сарапшысы Айбек Қабылдин еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатының негізгі үш бағытын таныстырды.

«Бірінші бағыт – сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру және тәрбиелеу. Екінші – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау. Үшінші бағыт – жазалау. Парасаттылық мәдениеті бірінші бағытқа жатады. Мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың қоғам өміріне қандай зиянды құбылыс екені туралы білім беру. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Бұл – қоғамда адалдық мәдениетін алаяқтықтан жоғары қою», – деп түсіндірді Айбек Қабылдин.

Сондай-ақ қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесі мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу құралы болып табылатын ISO 37001 халықаралық стандартының құрылымымен, талаптарымен және ережелерімен танысты.

Семинарды «Даму» қазақстандық қауымдастығы Нұр-Сұлтан қалалық ішкі саясат басқармасының қолдауымен, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесіп ұйымдастырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button