01Мәдениет

Шеберлік сабағы өтті

“Нұр-Сұлтанда халықаралық тоқу күнін елордалықтар Ботаникалық бақта тоқыма тоқып, жіп иіріп атап өтті. Биыл тоқу күні отбасы күнімен тұспа-тұс келді”,- деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

Шараны Bergen әлеуметтік шеберханасы мен елордалық мәдениет басқармасы ұйымдастырды.

“Бүгінгі шараның негізгі мақсаты – тоқымамен айналысатын, үйренгісі келетін, қызығушылық танытқан адамдарды басын қосып, оларға шеберлік сабақтарын көрсетіп, қолдау. Бізде ешкім тоқымайды, тоқыған күннің өзінде үйдегі үлкен әжелерден басқа ешкім тоқымайды деген түсінік қалыптасып кеткен. Ашық ауада барлығымыз іс тоқып, жіп иіріп отырсақ, бұл стереотип бұзылады. Пандемия кезінде адамдар ішкі күйзелісті сезінсе, тоқу стрессті жеңілдетудің бір әдісі. Бұл кәсіп тек тыныштандырып қана қоймай, қажет болған жағдайда табыс көзі бола алады”, – деп атап өтті Bergen әлеуметтік шеберханасының негізін қалаушы Рахима Мұқышева.

Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, барлық санитарлық ережелердің сақталуын қамтамасыз ету үшін, іс-шараға қатысушылар алдын-ала тіркеуден өтті. Олар үшін кілемшелер, фото аймақ және арнайы орындықтар дайындалды. Акцияға бүкіл отбасы мүшелерімен де келгендер бар. Іс-шара барысында қала тұрғындары да қызығып, ілмекпен тоқуға қосылған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шеберлікті игеруге ниет білдірген мектеп оқушылары тоқуға деген үлкен қызығушылық танытқан. Шеберлік сыныпқа мүмкіндігі шектеулі әйелдер мен көп балалы аналар да келді.

Ашық аспан астында қуыршақ театры қойылым қойып, филармония әртістері әннен шашу шашты. Қонақтар үшін ойындар ұйымдастырылып, естелік сыйлықтар берілді.

Сондай-ақ, тоқу мерекесіне қатысушылар қарттар үйіне сыйлық ретінде жылы шұлықтар тоқуға келісті. Бұл акцияға елорданың үш мектебі қосылуды жоспарлап отыр. Оқушылар үшін қосымша шеберлік сыныптары ұйымдастырылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button