01Қоғам

Гранттар конкурсы өтеді

“Өтінімдер 25 қыркүйекке дейін қабылданады”,- деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

Нұр-Сұлтанда волонтерлік бастамаларды қолдау бойынша шағын гранттар байқауы басталды. Оның аясында 22 жеңімпаз анықталып, әрқайсысына 300 мың теңгеден беріледі.

Конкурсқа 14-29 жас аралығындағы жеке тұлғалар, бастамашыл топтарға және Нұр-Сұлтан қаласының үкіметтік емес ұйым мүшелері қатыса алады. Өтініш жекелей берілген жағдайда, өтініш берушінің жасы14-тен асқан болуы тиіс.

Бастамашыл топтың атынан өтініш берген жағдайда, топ жетекшісі мен мүшелері 14-29 жас аралығында болуы шарт. Байқауға қатысуға бастамашыл топтың басшысы барлық мүшелерін көрсете отырып, өтінімді тікелей беруі керек.

«Жобалар келесі бағыттар бойынша қабылданады: экологиялық ағарту жұмыстары бойынша волонтерлік жобалар; оқушы, студент жастар мен әлеуметтік топтарға білім беруге бағытталған жобалар; балалар және қарттар үйіндегі адамдарды қолдауға бағытталған жобалар; мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдауға бағытталған жобалар; мәдени-тарихи мұраны сақтау және дамыту, тарихи ескерткіштерді, мәдени-мемориалдық кешендерді қалпына келтіру және сақтауға бағытталған жобалар; құқық қорғау және табиғи, техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жобалар; инновациялық жобалар; ғылыми жаңалықтар; компьютерлік бағдарламалау; экспедициялар мен экскурсиялар ұйымдастыруға арналған жобалар; әлеуметтік мәдени және спорттық жобалар; шығармашылық және қайырымдылық іс-шаралар; медициналық бағыттағы және карантин кезінде іске асырылатын жобалар; әдебиет пен тілге қатысты жобалар; жастар белсенділігін дамытуға арналған жобалар; бапқа сай келетін басқа бағыттар», – делінген конкурс ережесінде.

Жоба келісімшартқа қол қойылғаннан бастап 2 ай көлемінде (қазан-қараша) жүзеге асырылуы тиіс. Карантин режимі күшейтілген жағдайда жобалар онлайн/офлайн форматта жүргізіледі.

Сондай-ақ жоба аясында еңбекақы төлеуге, кеңсенің қамтылуына және басқа да әкімшілік шығындарға жұмсауға болмайды. Шығындар волонтерлік бастамаларды іске асыру үшін болған түрлі материалдарға (жабдықтау, құрал-сайман, құрылғыны жалға алу және т.б.) жұмсалады.

Байқауға қатысу үшін өтінімдерді PDF форматында 2020 жылдың 25 қыркүйегіне (18:00) дейін volonter_zhastar@bk.ru электронды почтасына жіберу қажет.

Грант иегерлерін іріктеу 2020 жылдың 30 қыркүйегіне дейін жүргізіледі.

Іріктеудің аяқталуы туралы хабарландыру ұйымдастырушылардың ресми сайты www.adyrna.kz мен @NS_JASTARY instagram парақшаcында жарияланады. Instagram: @ADYRNA.KZ/ @NS_JASTARY.

Айта кетейік, конкурс Нұр-Сұлтан қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысымен «Волонтерлік бастамаларды қолдау бойынша іс-шаралар кешенін ұйымдастыру және өткізу» жобасы аясында өткізілуде. Ұйымдастырушы – «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі.

Барлық сұрақтар бойынша жоба үйлестірушісіне + 7 (747) 933 91 09 телефон нөмірі бойынша хабарласуға болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button