Қарағандыда мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығы табыс етілді. Бұл марапат жыл сайын беріледі. Биыл сегіз номинацияға 47 адам үміткер болды.
Байқау зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, бизнес және бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік және азаматтық қызметшілер, мемлекеттік тілді еркін меңгерген түрлі ұлт өкілдері, үш тілді білетін жастар арасында өткізіледі.
Карантиндік шектеулерге байланысты марапаттау рәсімі Абай ескерткішінің жанында өтіп, теледидардан көрсетілді. Өтінім берген 47 үміткердің ішінен сегіз номинация бойынша жеңімпаздар таңдалды.
Қарағанды облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығының лауреаттары:
– «Тіл майталманы» бас номинациясында – Серік Ақсұңқарұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты;
– «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» – Әйгерім Қарымсақова, «Қарағанды облысы бойынша Соттар әкімшісі» РММ мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі бас маманы;
– «Тіл жаршысы» номинациясы бойынша – «Жаңаарқа» газетінің редакциясы;
– «Үздік телехабар» – Жаңабек Нар, «Бірінші Қарағанды» телеарнасының тілшісі;
– «Тіл білгірі» номинациясында – Юрий Михуля, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкері;
– «Жас полиглот» – Әсемай Пушанова, «Нұрбанк» АҚ Қарағанды филиалының маманы;
– «Мемлекеттік тіл бизнесі» номинациясы бойынша – Шолпан Жанғаскинова, Сәтбаев қ. «ДАМУ» дизайн-студиясының директоры;
– «Үздік оқытушы» – Қарағанды облыстық тіл дайындығы орталығының әдіскері Мунира Ағымбаева.
Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығы 2012 жылдан бастап Қазақстан халқы тілдері күніне арналған салтанатты шарада жыл сайын табыс етіледі. Осы жылдар ішінде 400-ге жуық адам марапатталды.