Жаңалықтар

«Білім беру ұйымдарындағы дене тәрбиесінің тұжырымдамалық негіздерін трансформациялау» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының қорытындылары туралы АҚПАРАТ

(2024 ж.12-13 желтоқсан, Астана қ., Назарбаев Университетінің Медицина мектебі, Керей-Жәнібек хандар көшесі, 5/1.)

 

 

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы Назарбаев Университетінің Медицина мектебімен бірлесіп «Білім беру ұйымдарында дене тәрбиесінің тұжырымдамалық негіздерін трансформациялау» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция (бұдан әрі – Конференция) өткізді.

Конференцияның бірлескен ұйымдастырушылары – Алматы қаласындағы ЮНЕСКО-ның Өңірлік кеңсесі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті, Қазақ спорт және туризм академиясы, Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы.

Конференцияның мақсаты – білім және тәжірибе алмасу алаңын құру, білім беру ұйымдарындағы дене тәрбиесінің тиімділігін арттырудың өзекті мәселелері мен жолдарын талқылау.

Конференция жұмысына ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің,                           ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, ҚР Туризм және спорт министрлігінің,  Қазақстандық  оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының өкілдері, мектепке дейінгі және жалпы орта білім берудің дене шынықтыру педагогтері, профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар, докторанттар, спорт мектептерінің жаттықтырушы-оқытушылар құрамы, сондай-ақ Корея мен Норвегиядан келген шетелдік ғалымдар қатысты.

Сонымен қатар Конференцияға футбол, шахмат, бочча, ұлттық спорт түрлері бойынша кәсіби спорт федерацияларының, «Батыр боламын» қоғамдық қорының өкілдері, сондай-ақ Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының ардагерлері қатысты. Барлығы 310 адам қатысты.

Конференция жұмысында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Сабырұлы Оспан, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасы орынбасарының м.а. Аманбай Шағылбайұлы Нұрмұханбетов, Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің бас директоры Нұрлан Нөгербек, қазақстандық жеңіл атлет, Лондон Олимпиадасының чемпионы (2012), Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері (2008), үш рет секіруден Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері (2016), 2010 жылғы үш рет секіру бойынша әлем чемпионы, еңбек сіңірген спорт шебері Ольга Сергеевна Рыпакова қатысты.

Конференцияның бірінші күнінің пленарлық отырысында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Арман Бақытжанұлы Ташметовтың, Назарбаев Университеті Медицина мектебі медицина кафедрасының меңгерушісі/профессор Алессандро Салустридің, «BP Law Company» ЖШС президенті, қазақстандық қоғам және саяси қайраткер Зағипа Яхияқызы Балиеваның, Берген университеті, университеттің Хаукеланд ауруханасы, Спорттық медицина институтының, Норвегиялық спорттық медицина мектебінің жетекшісі, профессор                                         Хеге Клеммнің,  Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының қызметкері, медицина ғылымдарының кандидаты Алмагүл Аманжолқызы Нағымтаеваның, Донггук университеті (DONGGUK University), PhD докторы (Ph.D.), профессор Ким Йон Хоның (Kim Eon Хo), педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің «Дене шынықтыру және спорт менеджменті» кафедрасының меңгерушісі Ляйла Сарқытқызы Сырымбетованың, PhD, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қауымдастырылған профессорының (доцентінің) м.а Светлана Жұбатырқызы Отаралының, Мектеп спорты федерациясы бас директорының орынбасары Зейнолла Набидуллаұлы Ақанның, Қазақстандағы ДДҰ елдік кеңсесінің балалар мен жастардың денсаулығы мәселелері жөніндегі сарапшы Ақбота Сүлейманқызы Әбілдинаның, Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы Ғылым және инновациялар жөніндегі проректорының м.а. Алина Владимировна Теннің, «Дене шынықтыру мұғалімдерінің қауымдастығы» РҚБ президенті, магистр, дене шынықтыру мұғалімі, педагог-шебер Наталья Александровна Дрейттің, педагог-зерттеуші, №17 орта мектептің дене шынықтыру педагогі, 2023 жылғы «Үздік педагог» номинациясының иегері Руслан Джабраилович Исраиловтың баяндамалары тыңдалды.

Сонымен қатар Халықаралық мектеп спорты федерациясы президентінің м.а. Юссеф Белькасмидің бейне хабарламасы тыңдалды.

12 желтоқсанның екінші жартысында профессор Хеге Клеммнің жетекшілігімен «Денсаулықты және спорттық нәтижелерді жақсартуға арналған тыныс алу техникалары» тақырыбында шеберлік сыныбы өтті.

 

Конференция бағдарламасына сәйкес 13 желтоқсан күнгі бірінші жартысында «Білім беру ұйымдарында дене шынықтыруды жетілдірудің өзекті мәселелері мен жолдары» және «Дене тәрбиесі процесінде білім алушылардың денсаулық мәдениетін қалыптастыру» тақырыптарында 2 секцияның отырыстары өтті, онда 27 қатысушы баяндама жасады. Секциялық отырыстар жұмысының қорытындысы бойынша ұсынымдар қабылданды. Ұсынымдар еркін қол жетімділікте болу үшін https://nnpcfk.kz сайтына орналастырылды.

Конференцияның маңызды оқиғасы Ольга Рыпакова, Данияр Елеусінов, Дмитрий Баландин сияқты Олимпиада ойындарының жеңімпаздарымен кездесу болды.

Конференция соңында 55 дене шынықтырудың үздік педагогі Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар Конференцияның 10 қатысушысы Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің грамотасымен және Қазақстан Республикасы Олимпиада комитетінің 5 алғыс хатымен марапатталды, марапатталғандар арасында дене шынықтыру бойынша өңірлік орталықтардың басшылары, кәсіби спорт федерацияларының өкілдері болды.

Сондай-ақ Конференцияға қатысушылар экскурсия аясында Назарбаев Университетінің спорт ғылымы, медицина және оңалту бойынша ғылыми зертханаларымен танысуға мүмкіндік алды.

Конференция басталар алдында спорт федерацияларының өкілдері футбол, шахмат, бочча, ұлттық спорт түрлері бойынша шеберлік сыныптарын өткізді.

Конференция жұмысы тікелей эфирде YouTube арна платформасында, Хабар, 24kz, «Еуразия» телеарналарында көрсетілді, сонымен қатар материалдар zakon kz, Kazinform, basnews.kz, Janalyq.kz, Degeneken.kz сайттарында орналастырылды.

Сонымен бірге Конференция қорытындысы бойынша 115 ғылыми мақала көлеміндегі материалдар жинағы баспаға дайындалуда.

 

 

 Бас директор                                                                                        А. Ташметов

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button