Көптен күткен қуаныш: ШҚО-да «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша алғашқы бала дүниеге келді
Өскемен қаласының ерлі-зайыптылары үш жыл бойы бедеулікпен есепте тұрып, консервативті ем қабылдағанымен, нәтиже болмады. Олар көмекші репродуктивті технологияларға жүгініп, экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) әдісі арқылы ата-ана болу бақытына ие болды.
Мемлекеттік «Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында 27 жастағы тұрғын қыз баланы дүниеге әкелді. 20 қараша күні 3050 грамм салмақпен және 48 сантиметр бойымен өмірге келген нәресте Өскемендегі Ана мен бала орталығында дүниеге келді.
– 2024 жылы Шығыс Қазақстан облысына «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 252 квота бөлінген. Бұл – сол бағдарламаның арқасында дүниеге келген ағымдағы жылдың алғашқы сәбиі. Қалған квота бойынша да жақсы жаңалықтар күтеміз, – деп мәлімдеді ШҚО денсаулық сақтау басқармасының бас репродуктологы Надира Слямханова.
Репродуктологтың айтуынша, бұл бағдарлама келесі жылы да жалғасады.
– «Аңсаған сәби» бағдарламасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қаржыландырылады. Сондықтан бағдарламаға қатысу үшін сақтандырылған болу қажет. Алдымен бала сүйгісі келетін жұп өз емханасындағы гинекологқа барып, репродуктологқа жолдама алады. Қажетті тексерулерден өткеннен кейін, ЭКО жүргізуге медициналық көрсеткіштер сәйкес келсе, құжаттар жиналып, медициналық-консультативтік комиссиядан өтеді. Комиссияның оң шешімі қабылданған жағдайда, ерлі-зайыптылар кезекке қойылады, – деді Надира Слямханова.
Айта кетейік, соңғы үш жылда «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысындағы 482 отбасы көптен күткен сәбилерін сүйді.