Жаңалықтар
АРАЛ ТЕҢІЗІНІҢ ҚҰРҒАҒАН ҰЛТАНЫНА СЕКСЕУІЛ ЕГУ ЖАЛҒАСУДА
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен жылу беру маусымының басталуы, мемлекеттік орман қорын ұлғайту жөніндегі шаралар, Үкімет қаулыларының жобалары талқыланған Үкімет отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысып, Арал теңізінің құрғаған ұлтанына сексеуіл егудегі кешенді жұмыстарға тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы 1 млн. 100 мың гектар жерге бес жыл ішінде сексеуіл егу тапсырмасы жоспарға сәйкес орындалуда.
2021-2023 жылдары 544 мың 200 гектар жерге, осы жылы көктемде 65 мың гектарға сексеуіл көшеттері отырғызылды. Қараша айында 211 мың гектар аумаққа егілмек. Келесі жылы қалған 280 мың гектарға сексеуіл көшеттері мен тұқымын егу жоспарланған. Оның 100 мың гектары облыстың үлесі болса, қалған 180 мың гектары Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне тиесілі.
Облысқа жүктелген 15 млн. көшетті дайындау үшін орман шаруашылығы мекемелерінде 8 уақытша тұқымбақ ұйымдастырылды. Одан бөлек, Дүниежүзілік банктің қаржыландыруымен 441 млн. теңгеге аумағы 33,5 гектар тұқымбақ салынып, пайдалануға берілді.
Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы ормандандыру жұмыстарына Еуропа елдерінен грант тарту үшін Сыртқы істер министрлігінің келісімімен Еуроодаққа мүше мемлекеттер елшілерін өңірге арнайы шақырдық. Мамыр айында Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Юрьевич Василенко бастаған 20 елші келді. Арал өңіріндегі жұмыстармен танысып, қолдау көрсету жөнінде алдын-ала келісім жасалды. Нәтижесінде, Арал өңірінің экожүйесін жақсарту бағытында нидерландық «DGB Group» және қытайлық «BGI Group» компанияларымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.
Арал теңізінің құрғаған ұлтанына сексеуіл егу жоспарға сай атқарылып, белгіленген мерзімде аяқталатын болады. Жұмыстар тұрақты бақылауымда» – деді Н.Нәлібаев.
Орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін соңғы 3 жылда облыстық бюджеттен 1 млрд. 800 млн. теңге қаржы бөлініп, 96 арнайы техника, 49 қажетті құрал-жабдық сатып алынды.
Арал өңіріндегі ормандандыру жұмыстарына отандық компаниялармен қатар, шетелдік ұйымдар да кеңінен тартылуда. Мәселен, америкалық «USAID» Халықаралық даму агенттігі «Аралды құтқару қоры» арқылы құрғаған ұлтандағы сексеуіл екпелерін суаруға алғаш рет ұңғымалар қазып, 500 гектар аумаққа «Оазис» демонстрациялық алаңын құрды. Осындай жобаны жүзеге асыруда отандық «Freedom Finance» холдингі басшылығымен де келісімге қол жеткізілді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі