Қоғам

2020 жылы 17 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды

Биыл 5 айдың ішінде мемлекеттік еңбек инспекторлары 2 мыңнан астам еңбек құқықтарын бұзу фактілерін жойды, 17 мың қазақстандықтың жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеге жалақы бойынша берешегі өтелді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты.

Еңбекминінің басшысы ҚР Үкіметі еңбек жанжалдарын болдырмау жөніндегі кешенді жоспарды бекіткенін, ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тұрақты негізде еңбек заңнамасының сақталуына мониторинг және бақылау жүргізетінін атап өтті.

“2020 жылғы қаңтар-мамыр айларында мемлекеттік еңбек инспекторлары 2 мыңнан астам еңбек құқығының бұзушылығын жойды, 17 мың жұмыскердің жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеден астам жалақы берешегі өтелген”, – деді министр.
Сондай-ақ Біржан Нұрымбетов шетелдік жұмыс күшін тартатын 95 кәсіпорынға тексеру жүргізілгенін атап өтіп, оларда 1 мыңнан астам түрлі заң бұзушылықтар жойылғанын айтты.

“Тағы бір маңызды мәселе еңбекті қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады. Қазақстанда 2019-2023 жылдарға арналған еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындары мен өндірістік жарақаттануды төмендету жөніндегі жол картасы іске асырылуда. 14,7 мың өндірістік кеңес құрылды және еңбекті қорғау бойынша 2,3 мың стандарт енгізілді. Жұмыскерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету шараларына 116 млрд. теңге жұмсалды. Соңғы 4 жылда қабылданған шаралардың нәтижесінде өндірістік жарақаттану төмендеуінің оң серпіні байқалады. Мысалы, 2016 жылы 1683 адам зардап шексе, 2019 жылы ол 1431-ге дейін азайды” – деп толықтырды министр.
Сонымен қоса министр еңбек қатынастары саласында әлеуметтік серіктестік белсенді дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Атап айтқанда, 126 мың кәсіпорын ұжымдық шарт жасасты, оның ішінде ірі және орта кәсіпорындар 94,7%. 137 мың кәсіпорын жұмыс орындарын сақтау жөнінде меморандум жасаған. 205 мың кәсіпорын жалақысы төмен 1,2 млн жұмысшылардың жалақысын 32,7% – ға көтерді.

Сондай-ақ, Біржан Нұрымбетов ағымдағы жылғы 14 мамырда “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң күшіне енгенін атап өтті.

“Құжат Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне жұмыскердің еңбек қызметі туралы ақпаратты енгізу арқылы кадрлық іс жүргізуді цифрландыруды; жұмыс берушілердің оларға лайықты еңбек және тұрмыс жағдайларын жасау жөніндегі міндеттері мен жауапкершілігін белгілеуді; жұмыс берушінің еңбек шартын біржақты тәртіппен бұзу құқығын болдырмауды; мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде азаматтардың жұмыс орнын сақтауды; қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін кәсіподақ қозғалысын ынталандыру және кәсіподақтардың рөлін арттыру мақсатында кәсіподақтарды құру тәртібін қайта қарауды көздейді”, – деді министрлік басшысы.

Бұдан бөлек министр 2020 жылы 1,2 миллионнан астам адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылатынын атап өтті.

“Әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында 2020 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына 1 миллион 220 мың қазақстандықты тарту жоспарланып отыр. Биылғы бірінші тоқсан қорытындысы бойынша экономикада жұмыспен қамтылғандардың саны 8,8 млн адамды, жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрады. Наурыз-сәуір айларында карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты 4,2 миллион қазақстандық уақытша жұмыстан босатылды”, – деді Біржан Нұрымбетов.

Осы орайда, министр жыл соңында күтілетін жұмыссыздық деңгейі 6,1% болуы мүмкін екенін тілге тиек етті.

“Карантиндік шараларды жеңілдету үстіміздегі жылдың 20 сәуірінде басталды, бұл кезең-кезеңімен жұмысқа оралуға мүмкіндік берді. Үкімет жұмыспен қамтуға көңіл бөліп, экономиканы қалпына келтіру бойынша қабылдап отырған шаралар ағымдағы жылдың шілде айынан бастап еңбек нарығындағы жағдайды тұрақтандырады деп есептейміз”, – деді министрлік басшысы.

Осыған байланысты осы жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына 1 миллионнан астам адамды тарту жоспарланып отырғанын атап өтті.

“Азаматтардың көбі Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде – 600 мың адам, жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде – 255 мың адам, басқа мемлекеттік бағдарламалар бойынша (Нұрлы жол, Нұрлы жер, 2020-2025 жылдарға арналған ИИДМБ және т.б.) – 364 мың адам жұмыспен қамтылады”, – деді министр.

Министрдің сөзінше, 1 маусымдағы жағдай бойынша 224 мыңнан астам адам «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, олардың 185 мыңы жұмысқа орналастырылды.

“Мемлекеттік қолдау шаралары аясында бос жұмыс орындарына 99 мың адам; қоғамдық жұмыстарға – 62 мың; әлеуметтік жұмыс орындарына – 13 мың; жастар практикасы бойынша – 11 мың орналастырылды. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында (бұдан әрі – ЖҚЖК) 255 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 6505 инфрақұрылымдық жоба көзделген, оның 15 мыңы тұрақты нысандарда. ЖҚЖК инфрақұрылымдық жобаларын іске асырудың ерекше шарты – бұл отандық өндірушілердің тауарлары мен қызметтерінің кем дегенде 90%-ын пайдалануды қамтамасыз ету. Жұмысшылардың кем дегенде 50%-ы Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа қабылданады”, – деді Біржан Нқрымбетов.

Сондай-ақ ол ЖҚЖК іске асыру болашақта аралас салаларда 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын құруға негіз болатынын атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button