Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы талқыланды
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен еліміздің 2025–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, республикалық бюджетке қатысты бірқатар маңызды заң жобалары талқыланған Үкімет отырысы өтті.
Бұл отырыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі нығайту және тұрақты өсуін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды. Жиында еліміздің алдағы жылдардағы дамуына қажетті стратегиялық шаралар мен жоспарлар қаралды.
Жиыннан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма берді. «Бүгінгі Үкімет отырысында 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы да жан-жақты талқыланды. Үкімет басшысы оның маңыздылығын атап өтіп, орталық және жергілікті атқарушы орган басшыларына нақты міндеттер жүктеді», — деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыс әкімі өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі макрокөрсеткіштерінде өсу динамикасы қалыптасқанын атап өтті. «Биылғы 7 айдың нәтижесімен Қызылорда облысы республикада көшбасшылар қатарында келеді. Өңірдің экономикалық даму деңгейін сипаттайтын «Жалпы өңірлік өнім» көрсеткішіндегі өсім 2023 жылдың қорытындысымен 5,6 пайыз болды, республикадағы өсім көрсеткіші – 5,1 пайыз. Әрине, бұл – жақсы нәтиже, дегенмен осы қарқынды сақтап қалу өте маңызды», — деді облыс әкімі.
Облыстық басқарма басшылары, қала және аудан әкімдері биылға межеленген экономикалық өсімнің жоспарын қатаң бақылауға алып, сапалы орындауы тиіс. «Бізге экономикалық өсімнің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалану керек», — деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.
Қызылорда қаласында өңдеу өнеркәсібінің қарқынын арттырудың мүмкіндіктері мол. Қала аумағында өңдеу секторының барлық дерлік саласы – тамақ, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын, жиһаз шығару және тағы басқалары қамтылған. Облыс әкімі осы өндірістермен тығыз жұмыс істеп, есептіліктің статистика мен салық органдарындағы сәйкестігін нақтылап, мониторинг жасау қажеттігін ерекше атап өтті. Аудандар бойынша да дәл осындай шараларды іске асыру керектігі айтылды.
«Әріптестер, экономиканың өсімін тұрақты ұстап тұру оңай шаруа емес. Сондықтан жұмыс қарқынын арттыра түсу қажет», — деді Нұрлыбек Нәлібаев. Ол ірі кәсіпорындармен өнім көлемін арттыру бойынша жұмысты жалғастыру, ірі, орта, шағын кәсіпорындардың статистика органдарына айлық, тоқсандық, жылдық есептіліктерді уақытылы әрі сапалы ұсынуын қадағалауды тапсырды.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызы жоғары, қаржыландыруды қажет ететін жобалар бар. Бүгінде орталық мемлекеттік органдарға 130 млрд. 800 млн. теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосатын болады. Облыс әкімі 2025 жылға арналған республикалық бюджетті бекіту барысында барлық жобаларды қаржыландыру бойынша бірлескен нақты жұмыстар жүргізу қажеттігін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, Нұрлыбек Нәлібаев әрбір мемлекеттік орган мен жергілікті әкімдіктің өз міндетін адал орындап, жобаларды сапалы жүзеге асыруы керектігін айтты. «Бізге облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін, халықтың әл-ауқатын арттыратын жобаларды жүзеге асыру өте маңызды. Әрбір жоба — бұл тұрғындарымыз үшін жаңа мүмкіндіктер мен табыс көзі», — деді ол.
Жиынның қорытындысында, облыс әкімінің тапсырмаларына сәйкес, жауапты басқармалар мен әкімдіктер арасында нақты жоспарлар мен міндеттер бөлінді. Облыс әкімі аталған жоспарлардың орындалуын бақылауды және олардың тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға дайын екендігін білдірді.