Аймақ басшысы түрік инвесторымен кездесті
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Aksa Energy» компаниясының құрылтайшысы Джемиль Шабан Казанджымен кездесті. Бұл кездесу Қызылорда облысының экономикалық дамуына серпін беретін іргелі жобалардың бірі — жаңа жылу-электр орталығының құрылысын талқылау мақсатында ұйымдастырылды. Кездесу барысында аймақ басшысы жобаның жүзеге асуының маңыздылығын атап өтті.
«Біздің өңіріміз үшін аса маңызды жобалардың біріне инвестиция салып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесіңіз үшін алғыс білдіремін. Қазіргі уақытта еліміздің оңтүстігінде электр қуатының тапшылығы бар екені жасырын емес. Жаңа жылу-электр орталығы ел экономикасының дамуына, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандардың іске қосылуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Бұл жобаның оңтүстік өңірлердегі электр энергиясы жүктемесін тұрақтандыруда және тұтастай алғанда елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуда маңызы зор», — деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Кездесуде, сонымен қатар, аталған жобаның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ерекше бақылауында екендігі туралы да айтылды. Президентіміздің қолдауымен аталған жоба «жасыл дәліз» қағидаты шеңберіндегі жобалар тізіміне енгізіліп, салықтық және өзге де жеңілдіктер ұсынылды. Бұл жеңілдіктер инвесторларға жобаны тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
«Бүгінде нысан құрылысының қарқыны жоғары. Жыл басынан бері өңірге барлық көздерден 349,3 млрд. теңге инвестиция тартылды. Оның 75 пайызы – жеке инвестициялар. Жыл соңына дейін жарты триллионнан астам инвестиция тарту жоспарымыз бар. Жаңа жылу-электр орталығы – тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынатын ең ауқымды, теңдессіз жоба», — деді облыс әкімі. Ол әкімдік тарапынан жобаға барлық қажетті қолдау көрсетілетіндігін де жеткізді.
Кездесу барысында Джемиль Шабан Казанджы мырза «Aksa Energy» компаниясының ауқымды жобаны іске асыруға мүдделі екендігін, әрі қарай тиімді әріптестік орнатуға дайын екенін айтты. Ол компанияның тәжірибесі мен ресурстары арқылы жобаның табысты жүзеге асуына сенім білдірді. «Біз Қызылорда облысындағы энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту және дамыту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз», — деді ол.
Сондай-ақ, тараптар жобаның экологиялық аспектілерін, электр энергиясының тұрақты жеткізілуін, сондай-ақ, тұрғындардың өмір сапасын арттырудағы рөлін де талқылады. Жобаның іске асырылуы әлеуметтік жағынан да, экономикалық жағынан да оң әсерін тигізетіндігіне екі тарап та сенімді.
Кездесудің қорытындысында, аймақ басшысы мен инвестор арасында ынтымақтастықты нығайту, жобаның жүзеге асырылуына қатысты бірлескен шараларды қабылдау туралы келісім жасалды. Бұл келісім Қызылорда облысының энергетикалық секторын дамыту жолындағы жаңа мүмкіндіктерді ашады.