Басты жаңалықЖаңалықтар

Қызылордада еңбек адамдарына ақшалай сертификаттар мен шипажайға жолдама табысталды

Еңбек күні қарсаңында Қызылордада ұйымдастырылған «Адал азамат – Адал еңбек» атты салтанатты іс-шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ұзақ жылдар бойы адал еңбекпен айналысқан мамандарға шынайы құрмет көрсетті. Бұл мерекелік жиынға Парламент депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, сондай-ақ, Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев және еңбек адамдарынан құралған үлкен делегация қатысты.

Аймақ басшысы жерлестерін айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. «Бұл мереке – адал еңбегімен, маңдай терімен ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан сіздерге деген құрметтің көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайда, халыққа арнаған Жолдауларында кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы тиіс екендігін әрдайым айтып келеді. Еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуы тиіс», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Биылғы Жолдауда 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялау арқылы мемлекетіміздің жұмысшы мамандықтарына деген назарын арттырды. «Алдағы уақытта техникалық және кәсіптік білім берудің маңызы арта түсетіні сөзсіз. Өйткені, экономиканы өркендетуге білікті мамандар қажет», – деп атап өтті аймақ басшысы.

Сонымен қатар, аймақта еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың ұзақ мерзімді болжамын анықтау үшін мамандықтар атласы әзірленуде. Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті осы мақсатта 20 қызметкерді арнайы оқудан өткізді. Ел Президентінің жұмысшы және орта буын мамандықтар бойынша білім алуға ниетті жастарды 100 пайыз тегін кәсіптік біліммен қамту тапсырмасына орай, келесі жылы бюджет есебінен 5 308 орынға мемлекеттік тапсырыс бөлінетіндігі де мәлім болды. «Осылайша, біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда білікті мамандарды қалыптастыра аламыз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Іс-шара барысында Қызылорда облысының құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Қорғанбек Қайруллаев, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов облыс тұрғындарын қуанышпен мерекемен құттықтап, еңбек адамдарының маңызын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев сөз сөйлеп, жерлестерін қажырлы еңбек етуге, үздіксіз дамуға шақырды. Ол еңбек адамдарының қоғамдағы рөлінің маңызды екенін және әрбір азаматтың өз мамандығына адал болуы қажеттігін атап өтті.

Іс-шара соңында еселі еңбек етіп, ел алғысына бөленген азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хаты мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Біліктілігімен, өз ісіне жоғары жауапкершілігімен сый-құрметке бөленген 10 азаматқа 400 мың теңгелік сертификат, тағы 10 азаматқа шипажайға жолдама берілді. Бұл марапаттар еңбек адамдарының адал еңбегін бағалаудың бір көрінісі болып табылады.

Марапатталғандардың атынан «Қызылорда тазалығы» ЖШС жұмысшысы Жанар Тайшаева мен «Көлжан» ЖШС «Солтүстік-Батыс Қызылқия» кен орнын пайдалану шебері Жанболат Жармұхамбетов пікір білдірді. Жанар Шарапатқызының еңбек өтілі 40 жыл, оның 10 жылында «Қызылорда тазалығы» ЖШС-де жұмыс жасап келеді. Ол Қызылорда қаласы әкімдігінің, кәсіпорын басшылығының Алғыс хаттарымен марапатталған. Ал, Жанболат Жармұхамбетов «Көлжан» ЖШС-де 2010 жылдан бері қызмет атқарады. Олар бүгінгі сый-құрметке адал еңбектің арқасында жеткенін айтып, облыс басшылығына көрсеткен қолдауы үшін шын жүректен ризашылығын жеткізді.

Салтанатты іс-шарадан кейін, қатысушылар арасында мерекелік көңіл-күй мен бірлік сезімі орнады. Еңбек адамдарының жетістіктері мен тәжірибелері жастарға үлгі болып, қоғамда жауапкершілік, адалдық, және еңбекқорлықтың маңызын арттыруға септігін тигізеді.

Қызылорда облысында еңбек адамдарына көрсетілетін құрмет пен қолдау үздіксіз жалғасуда. Мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар мен бастамалар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, білікті мамандар даярлауға бағытталған. Еңбек күні мерекесі — барлық еңбек адамдарының маңыздылығын атап өту үшін тамаша мүмкіндік.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button