Қазақстандағы алғашқы автожол тоннелінде оқу-жаттығу өткізілді
Түркістан облысы Шақпақ баба асуындағы еліміздегі алғашқы автожол тоннелінің ашылуы қарсаңында ауқымды оқу-жаттығу сабақтары өткізілді. Аталған оқу-жаттығуға тоннельге қызмет көрсету үшін Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД), полиция қызметкерлері, 100 адам мен 15 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
Оқу-жаттығу барысында төтенше жағдайда орындалатын жедел іс-әрекеттер пысықталды. Бұл шара тоннельдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қызметкерлердің төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыру және жедел әрекет ету алгоритмдерін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылды.
Оқу-жаттығу барысында желдету, бейнебақылау, өрт дабылы және өрт сөндіру жүйесі сияқты тоннель қауіпсіздігінің негізгі жүйелерін сынауға ерекше назар аударылды. Аталған жүйелер құрылымның қауіпсіздік стандарттарын растай отырып, пайдалануға дайын екендіктерін көрсетті.
Оқу-жаттығу кезеңдерінің бірі істен шыққан көлік құралын жедел сүйретуді пысықтау, сондай-ақ жол-пайдалану техникасының қозғалысын ұйымдастыру тәртібі болды. Түркістан облысы ТЖД мамандары жол қызметтері үшін нұсқама өткізіп, төтенше жағдайлар туындаған жағдайда орындалатын іс-әрекеттердің тәртібін түсіндірді.
Оқу-жаттығу іс-шаралары тоннельде төтенше жағдайлар туындаған кезеңде барлық жұмылдырылған қызметтердің жедел іс-әрекет дайындығын арттыруға ықпал етті. Мұндай шаралар төтенше жағдайлар кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса маңызды болып табылады.
Қазақстандағы алғашқы автожол тоннелінің ашылуы алдында өткізілген оқу-жаттығулар еліміздегі транспорт қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. ТЖД, полиция және жол қызметтері арасындағы тығыз ынтымақтастық пен үйлесімділік төтенше жағдайларда жедел әрекет ету қабілетін күшейтеді.