Басты жаңалықЖаңалықтар

ШҚО-да атом энергетикасы саласының мамандарын даярлау мәселелері талқыланды

Бүгінде елімізде Атом электр стансасын салу мәселесі қызу талқылануда. Бұл жөнінде жалпыхалықтық референдум өткізу жоспарланған. Егер халық қолдау білдіріп, республика аумағында АЭС салынатын болса, онда бұл салада қызмет ететін мамандарды дайындау мәселесі күн тәртібіне шығатыны сөзсіз.

Осы ретте, елімізде, оның ішінде Шығыс Қазақстанда аталмыш сала мамандары жеткілікті ме? Жеткілікті болса, олар АЭС-те жұмыс істеуге қаншалықты даяр? Міне, осы және басқа да сұрақтарға бүгін Өскемендегі Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде өткен «Атом энергетикасы саласының мамандарын даярлау» атты дөңгелек үстел отырысына қатысушылар жауап беруге тырысты.
Онлайн режимде өткен басқосуға Мәскеу инженерлік-физикалық институтының (МИФИ) Ұлттық ядролық зерттеу университеті мен Томск политехникалық университетінің өкілдері, сондай-ақ, «ҮМЗ», «Казцинк» сынды кәсіпорындар мен Ұлттық ядролық орталықтың мамандары, ғалымдар қатысып, атом энергетикасы кадрларын даярлаудың өзекті мәселелерін талқылады. Осы ретте келелі отырысқа қазақстандық жоғары оқу орындарының де өкілдері қатысып отырғанын айту керек. Олардың ішінде жергілікті университеттің мамандарымен қатар, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ мен Семейдегі Шәкәрім университетінің қызметкерлері болды.

Дөңгелек үстел барысында атом энергетикасы саласына қатысты мамандықтарға талапкерлерді тарту, кадрлар даярлауды жетілдіру сияқты мәселелерге қатысты ұсыныстар айтылды. Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстанда аталмыш саланың мамандарын даярлайтын санаулы ғана оқу орны бар. Соны бірі әрі бірегейі – осы Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті.

– Біздің университет 2018 жылдан бастап осы атом энергетикасы саласының мамандарын даярлайды. Бұл саладағы негізгі әріптесіміз Үлбі металлургия зауытымен ауқымды жобаны жүзеге асырудамыз. Оның ішінде инновациялық бағдарламалар әзірлеу, жаңа материалдар сатып алу мен заманауи технологияларды енгізу жұмыстары да кіреді. Жаңа мамандыққа талапкерлер тарапынан қызығушылық өте жоғары екенін айту керек. Себебі, бұл – магистрлік бағдарлама. Сондай-ақ, Ресейдегі «МИФИ» университетімен бірлескен жоба аясында «Қос диплом» бағдарламасы бойынша жастарды оқуға қабылдай бастадық. Ал келер жылдан Ядролық химия саласы бойынша мамандарды дайындауды бастамақпыз. Бір сөзбен айтқанда, аталмыш салаға қатысты жоспарымыз көп. Енді соларды тездетіп жүзеге асыру жағын ойластыруымыз қажет. Себебі, елімізде АЭС салу жөнінде шешім қабылданатын болса, онда бұл салада еңбек ететін мамандарға сұраныс еселеп артады, – дейді Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың ректоры Сәуле Рахметуллина.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта кез келген техникалық мамандыққа сияқты атом энергетикасы саласына да бөлінетін оқу гранттарының саны өте көп екен.

Басқа жаңалықтар

Back to top button