Басты жаңалықЖаңалықтар

Түркістан облысында халыққа арналған 10 коммуналдық жағажай ашылды

Түркістан облысы, Ордабасы ауданының ауылдық округтерінде халыққа тегін қызмет көрсететін маусымдық 10 коммуналдық жағажай ашылды. Бұл жағажайлар жаз айларында су айдындарында орын алатын жазатайым оқиғалардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған.

Бүгін Боген елді мекеніндегі “Бөген су қоймасы” жағалауында коммуналдық жағажайдың ашылу салтанаты өтті. Шараға Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник А. Ержанов және Департаменттің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, майор О. Дүйсен арнайы қатысты.

Жаңа ашылған жағажайда демалушылардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Мұнда құтқарушылар, алғашқы медициналық көмек көрсету бекеті және қоғамдық тәртіпті сақтау үшін арнайы бекеттер құрылған. Бұл шаралар жағажайға келген адамдардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз етуге бағытталған.

2024 жылғы жазғы маусымда Түркістан облысының аумағында барлығы 36 қауіпсіз демалыс орны жұмыс істеп тұр. Оның 19-ы коммуналдық, ал 17-сі жекеменшік жағажайлар болып табылады. Барлық демалыс орындарында қауіпсіздік шаралары толықтай қамтамасыз етілген.

Коммуналдық жағажайлар тек Ордабасы ауданында ғана емес, сондай-ақ Арыс және Сауран аудандарында да ашылуда. Бұл жағажайлар халыққа қолайлы жағдай жасап, судағы демалыстың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр.

Осы орайда, Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарына судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертеді. Белгіленбеген және тыйым салынған жерлерде суға түспеу, балаларды су айдындарының жағасында қараусыз қалдырмау, сондай-ақ масаң күйде суға түсуден бас тарту қажеттігі айрықша атап өтілуде.

Бұл жаңа жағажайлар аймақтағы судағы қауіпсіздікті арттырып, тұрғындарға жайлы демалыс ұсынуға үлкен үлес қосып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button