Басты жаңалықЖаңалықтар

Олжас Бектенов Кіші Аралдың жағдайын тексеріп, суды үнемдеу және экология бойынша тапсырмалар берді

Премьер-Министрдің Қызылорда облысына жұмыс сапарына негіз болған басты мәселелердің бірі – су үнемдеу технологияларын енгізу және су инфрақұрылымын дамыту. Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Кіші Аралды сақтау және дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты, атап айтқанда Қараөзек су қоймасының құрылысына назар аударылды және Көкарал бөгетін реконструкциялау қарқыны тексерілді.
Өңірдің негізгі су көзі – Сырдария өзені. Соңғы бірнеше жылда өзен суының азаюына байланысты Солтүстік Аралда жиналған судың орташа жылдық көлемі жобалық 27 млрд текше метрден 2022 жылы 18,9 млрд текше метрге дейін төмендеді. Бүгінгі таңда су ағынын секундына 6 текше метрден 50 текше метрге дейін ұлғайту бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде Солтүстік Аралда су көлемі 21,4 млрд текше метрді құрады — осы жылдың басынан бері 1,5 млрд текше метр су келді. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен экологиялық жағдайы Сырдария өзені бассейнінің сумен жабдықталуына тікелей байланысты екені анық, дәрияның жағасында аймақтағы елді мекендердің 85%-ы орналасқан, жергілікті халықтың 93%-дан астамы өмір сүреді.
Бүгінгі таңда өңірде су үнемдеу технологиясы белсенді түрде енгізіліп жатыр. Облыста 286 мың га суармалы жер бар, оның 185-190 мың гектарына ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Мемлекет басшысының егістікті әртараптандыру туралы тапсырмасы бойынша биыл күріш алқабы 6 мың гектарға қысқартылды. Лазерлік тегістеу күріш алқаптарын суаруға жұмсалатын судың шығынын азайтуға мүмкіндік берді. Инновациялық технологияның арқасында соңғы 10 жылда суды 20%-ға дейін үнемдеуге және өнімділікті 30%-ға дейін арттыруға мүмкіндік туды. Бұдан басқа, өңірде басқа да су үнемдеу технологияларын енгізу көлемі биыл 4,2 мың гектарға жетті, 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 34,2 мың гектарға дейін ұлғайту көзделген. Осы бағытта қазіргі уақытта Қызылорда облысында жалпы ауданы 4,8 мың га болатын 3 ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.
«Мемлекет басшысы су үнемдеу технологияларын енгізуді жеделдетуді тапсырды. Сырдария өзеніндегі су тапшылығын ескере отырып, жер асты суларын ұтымды пайдалану мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігіне жер асты көздеріне зерттеу жүргізуді тапсырамын», — деді Олжас Бектенов.
Премьер-Министр Су ресурстары және ирригация министрлігіне сыйымдылығы 775 млн текше метр болатын Қараөзек су қоймасын салу бойынша Қызылорда облысында іске асырылып жатқан жобаны қаржыландыру жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды. Жаңа техникалық құрылыстың негізгі мақсаты – Көкарал бөгеті арқылы Үлкен Арал теңізіне қайтарылмайтын судың бір бөлігін сақтау. Бұл шаралар вегетациялық кезеңде Қазалы ауданының 31 мың гектар егістік жерлерін және арна бойында орналасқан 11 мың га шабындық пен жайылымды сумен қамтамасыз етеді. Қараөзек су қоймасы елімізде басым тәртіппен салынуы тиіс 9 су инфрақұрылымы объектілерінің тізбесіне енгізілген.
Үкімет басшысына биыл аяқталатын Көкарал бөгетін реконструкциялау жоспары туралы баяндалды. Жобаны іске асыру шеңберінде бүлінген бөгет, сондай-ақ Қарашалан және Тұщы көлдері арқылы теңізге шығатын арналар қалпына келтірілетін болады. Олжас Бектенов Үкімет су ресурстарын тиімді пайдалану, су жинау лимиттерін және Сырдария мен Амудария бассейндері бойынша су қоймалары каскадының жұмыс режимдерін сақтау мәселелерінде көрші елдермен жұмысты жалғастыратынын атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button