“Өрт қауіпсіздігі” және “Судағы қауіпсіздік”
Төтенше жағдайлар департаменті және Төлеби ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері Төлеби ауданында орналасқан балалар жазғы демалыс лагерлеріне барып, балаларды жазғы уақытта қабылдау бойынша дайындығын қарап, лагерь басшылары мен қызметкерлеріне “Өрт қауіпсіздігі” және “Судағы қауіпсіздік” бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Алда мамыражай маусым, шыжыған шілде, тамылжыған тамыз айлары келе жатыр. Осы кезде адамдар еңбек демалысына шығып, жастың да, кәрінің де су жағасына барып, балаларымен, достарымен бірге табиғат аясында серуендеуге бет алады. Су жағалауларында күнге қыздырынып, демалып, суға шомылып, ыстық құмға «пісу», салқын суға шомылғысы келетіні, жанға сондай жайлы екені анық. Адамдардың суда қауіпсіздік ережелері мен шараларын сақтамауы, жас балалардың суға шомыла білмеуі, мас күйінде суға шомылу орны толмас қайғы мен өкінішке айналып жатады. Суға шомылу маусымы кезінде су нысандарында қайғылы жағдайды болдырмау мақсатында Түркістан қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері төмендегідей қауіпсіздік ережелерін сақтап, су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын естен шығармауға кеңес береді.
Жалпы суда шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелері:
– Ең алдымен рұқсат етілген жерлерде ғана шомылыңыз.
– Шомылатын орынға тыйым салынбағанын тексеріңіз.
– Шомылатын орынның тереңдігін біліп алыңыз.
-Тамақтанып болғаннан соң бірден суға беттемеңіз.
-Су ішінде алысып ойнамаңыз.
-Еш уақытта қараңғы уақытта, сондай-ақ, масайған күйінде шомылмаңыз.
-Егер жалғыз шомылсаңыз, жақсылап ой таразысына салыңыз, төтенше жағдай бола қалса, сізге кім көмектесетінін ойлаңыз.
– Тым ұзақ шомылмаңыз, тоңып қалуға дейін жеткізбеңіз, аяқ – қолыңыздың тырыспауын қадағалаңыз;
-Қоршау белгілерінен алыстап кетпеңіз.
-Шомылу кезінде судың суық болмауын байқаңыз. Себебі, суық суда тоңудың әсерінен өлім саны көп болады. Суық суға түскен адам 10 – 30 минутта суық өтіп қайтыс болады. Организмнің тез салқындауы ашыққан кезде, тым тойынған кезде, шаршаған кезде және адамның мас күйінде болады.
-Балаларға көңіл бөліңіз, үлкендердің қарауынсыз жеке қалдырмаңыз, шомыла білмейтін балаларды суға мүлдем жақындатпаңыз.
Суға бату-суға батқан адамдардың демалу жолдарына сұйықтықтың толып қалуының нәтижесінде демалу бұзылып, тұншығудың болуы. Зардап шеккен адамның терісі бозарады, беті мен ерні қарайып кетеді, дем алмайды, тамыр соғуы өте әлсіз болып (немесе мүлдем болмайды), аузы мен мұрын қуыстарында көпіршіктер ағады. Бұл кезде зардап шеккенді қараусыз қалдыруға болмайды. Кез келген сәтте жүрегі тоқтап қалуы немесе бас миының және өкпесінің ісінуі өршіп кетуі мүмкін.
Зардап шеккен адамға көмек көрсетерде өз қауіпсіздігіңізді естен шығармаңыз. Сабыр сақтап, егер суға кетуші су бетінде болса, онда оны артқы жағынан ұстау қажет. Ал суға кетсе судың астынан іздеп, шашынан не қолынан тартып, су бетіне шығару керек. Өзіңіз не айналадағылардан «Жедел жәрдем», яғни «103-ті» шақыртыңыз. Алғашқы медициналық көмекті 4-5 минут ішінде көрсетіп үлгеру керек. Қатерге ұшыраған адамға көмек көрсету мүмкіндігінше тездетіп оттегі жеткіліксіздігін қалпына келтіруден тұрады.
«Су – тілсіз жау». Судағы апаттан қорғанудың ең сенімді жолы – суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау болып табылады.Осы айтылған барлық қауіпсіздік шаралары мен ережелерін қатаң сақтайтын болсаңыздар, өздеріңізді, барлық жақындарыңыз бен достарыңызды қауіп-қатерден аман алып қала аласыз. «Өз өмірің өз қолыңда» екенін ешқашан естен шығармаңыз.
Ата-аналар назарына! Суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелері
Жазғы мезгіл – балалар үшін нағыз демалатын шақ болса, су – балалар организімінің сауықтырылуына қажет бірден-бір құралы болып табылады. Алайда, суға шомылудың пайдасын, тек қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған жағдайда көруге болады.
Осыған байланысты облысымыздың тұрғындарын жазғы мезгілде суға шомылудың барлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақыра отырып, балаларға суға шомылу барысында өздерін қалай ұстау қажеттігін ескертіп, ата-ананың қарауынсыз қалдырмауларыңызды өтінеміз!
Өкінішке орай, ата-аналар тарапынан жасалған немқұрайлық орны толмас жағдайларға апарып жатады.
Балаларыңызды сақтаңыздар!
Қоршау белгісінен әрі жүзуге тыйым салынады!
Тыйым салынған орындарда суға түсуге тыйым салынады!
Балаларды қараусыз қалдыруға тыйым салынады!
Суда түсерде камераны, допты, тақтайшаны қолдануға тыйым салынады!
Суда ойнауға тыйым салынады!
Жалған дабыл беруге тыйым салынады!
Өтіп бара жатырған катерге, қайыққа жақын жүзуге тыйым салынады!
Көпірден, айлақтан, қайықтан, катерден суға секіруге тыйым салынады!
Тамақ ішкен бойда суға түсуге тыйым салынады!
Суға мас күйде түсуге тыйым салынады!
Таныс емес жерге сүңгуге тыйым салынады!
Өрт шыққан кезде әркім білуге тиісті қауіпсіздік ережелері.
Өрт шыққанын білгенде…
Өрттің ауқымы кішкентай болса, крандағы сумен, болмаса қалың дымқыл матамен өшіруге тырысыңыз;
Өрт ауқымды болса, 101 нөміріне хабарласып, өрт шыққан мекен-жайды, ненің қалай жанып жатқанын айтыңыз. Өзіңіздің атыңыз бен нөміріңізді де беріңіз. Ол өрт сөндірушілерді күтіп алып, өрт ошағына жедел апаруға керек. «Менен де басқалар хабарласқан шығар» деп отыруға болмайды;
Ғимараттағы барлық тоқ көздерін ажыратып, газ құбырларын жабыңыз;
Егер өрт көп қаббатты ғимараттың төменгі қабатында шықса, ғимараттың жоғарғы қабатына немесе төбесіне шығып, көмек күту керек;
Далаға шығу жолдарында от болмаса, тез арада ғимаратты тастап шығыңыз;
Өрт шыққан аумақтан өту үшін синтетикалық киімдерді шешіп, орнына жүн немесе мақтадан тігілген киім кию керек. Киімдерді сулап, басыңызға ішік, жейде, орамал сынды қалың дымқыл жамылғы жабыңыз. Дәл осылай мұрныңыз бен ауызыңызды да жабу керек. Ол түтіннен уланып қалудың алдын алады;
Есіктерді қатты жабыңыз. Себебі от оттегі келіп, жел соққан сайын өрши түседі;
Түтіннің арасынан еңкейіп, тізерлеп немесе бүк түсіп өту керек;
Пәтерден шықпас бұрын есіктің ар жағында оттың бар-жоғын тексеріңіз. Ол үшін есікке жақын барып, оның тұтқасы сияқты металды жерлерін ұстап көріңіз. Ол ыстық болса, есікті ашпаңыз. Керісінше, есіктің саңылауларын дымқыл матамен бітеп тастаңыз. Есіктің бер жағына су шашыңыз;
Ауыз-мұрныңызды дымқыл матамен жауып, пәтердегі барлық адамдарды балконға алып шығыңыз. Балкон болмаған жағдайда, терезені ашып, сырттағыларға белгі беріңіз. Олардың сізді естігеніне сенімді болсаңыз, барлық адамдарды алып, жуыну бөлмесіне кіріп, есігін ішінен мықтап жабыңыз. Ол жерде суды ағызып, үстілеріңіздегі барлық киімді сулау керек. Сол жерде көмек күтіңіз;
Өрт шатырда немесе жертөледе шықса, өрт сөндірушілерді шақырып, олар келгенше өрт шыққан аумаққа апаратын есік-терезелерді, люктарды жауып тастау керек;
Өрт шыққан үйден адамдарды эвакуациялау кезінде балалардың төсектің астына, сөрелер мен қуыстарға тығылып қалатынын естен шығармаңыз.
Не істеуге болмайды?
Киіміңізге от тигенде жүгірмеңіз. Ол оттың одан сайын өршуіне әкеледі. Одан да киімді шешуге тырысу керек, болмаса еденге жатып аунау керек. Егер жаныңыздағы адамның киімі жанып жатса, оны өшіру үшін үстіне дымқыл мата жабыңыз;
Терезелерді ашып, түтінді шығаруға болмайды. Таза ауа отты өршітеді;
Лифтті қолданбаңыз. Өрт кезінде электр тоқтары өшірілетін болғандықтан, лифт кез келген жерде тоқтап қалуы мүмкін;
Қорқынышқа бой алдырып, жоғарғы қабаттан секіруге болмайды.
Зардап шеккендерге алғашқы көмек
103 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем шақырыңыз;
Күйік алған адамдардың үстіндегі киімін шешуге болмайды. Күйген жеріндегі киімін қиып, теріге жабысқан күйі қалдыру керек. Күйікті спирттелген немесе марганец ерітіндісіне батырылғын матамен жабады;
Өте үлкен күйікке шалдыққан адамды үлкен матаға немесе төсек жаймасына орап, ыстық сусын беріп, жылылау керек;
Түтінге уланған адамды таза ауаға алып шығу қажет.
Өрттің алдын алу үшін:
Үйде темекі шекпеңіз. Толық сөндірілгеніне көзіңіз жетпей терезеден лақтырмаңыз;
Тамақ істеп жатқанда газ плитасын қараусыз қалдырмаңыз;
Электр тогы мен газ құбырларын үнемі тексеріңіз. Қандай да бір ақау барын байқасыңыз, бірден арнайы мамандарға хабарласыңыз;
Өртке арналған сатылар мен төтенше жағдайда шығатын есіктерді жаппаңыз;
Өрт сөндіргішті қолданып үйреніңіз және оны отбасыңыздың мүшелеріне де көрсетңіз. Себебі, өрт шыққанда оның нұсқаулығын оқып тұруға уақытыңыз болмайды;
От жағуға арналған сіріңке, оттықтарды балалардың қолы жетпейтін жерге қойыңыз;
Балаларыңызға Төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтің нөмірлерін жаттатыңыз:
Өрт сөндірушілер — 101
Полиция — 102
Жедел жәрдем — 103
Газ апатынан құтақру қызметі — 104
Құтқару қызметі — 109