Басты жаңалықЖаңалықтар

«Төр Алтай жырлайды» фестивалі төртінші рет өтті

Дәстүрлі үрдіске айналған «Төр Алтай жырлайды» поэзия фестивалі биыл жерлес ақын Ұлықбек Есдәулеттің 70 жылдық мерейтойына арналды. Жыр кешіне жиналған қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері алдымен Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, қалаға саяхат жасады.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің мерейлі жасына орай өткен жыр кешіне 20 ақын қатысып, жүрекжарды өлеңдерін оқыды. Өскемендегі өлең тойына еліміздің әр түкпірінен келген қаймана қазаққа белгілі қаламгерлер де қатысты.


– Мен бұған дейін де ақын Ұлықбек Есдәулетов ағамызбен бірнеше рет кездесіп, рухани шараларда бірге болдық. Мәскеуде елші болып қызмет атқарғанда ағамыздың өлеңдері Ресейде кеңінен насихатталғанын көрдім, ол кісінің арнайы марапатқа ие болғанына куә болдым. Ақын шығармашылығын жастар сүйіп оқитынын да білеміз. Ұлықбек Есдәулетов ағамыздың мерейлі 70 жасы және бүгінгі дәстүрлі поэзия фестивалі құтты болсын. Шабыттарыңыз шарықтай берсін, – деп ақжарма тілегін жеткен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев мерейтой иесіне арналған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Шығыс шаһарына ат басын тіреген шайырлардың қатарында ақын Маралтай Райымбеков, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жерлес ақын Гүлнар Салықбай, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалқаман Сарин және жазушы, Жүргенов атындағы Өнер академиясының доценті, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров бар.

– Бұл поэзия фестивалі жыл сайын жалғасын тауып, облыс әкімідігінің қолдауымен дәстүрлі түрде өтіп келеді. Жыр кешін өңіріміздегі торқалы тойға тоқайластырып өткізуді де үрдіске айналдырдық. Биыл төртінші рет жалғасын тапқан «Төр Алтай жырлайды» фестивалі бұл жолы қазақтың қабырғалы қаламгері, жерлесіміз Ұлықбек Есдәулетовтің 70 жылдық мерейтойына орай өтіп отыр. Жыр кешіне қатысатын ақындардың қатары жыл санап артып келеді, биыл 20 ақын қатысты. Оларға бір реттік ақшалай сыйақы тағайындалған. Бұл да болса руханиятқа көрсетіліп жатқан қолдау, ақындарға демеу, – дейді Қазақстан Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев.

Осылай Алтайдың ақындары арқа-жарқы жыр кешін өткізіп, Өскеменде өлең отын маздатты. Жыр кешіне қатысқан ақындарға бір реттік ақшалай сыйақы табысталып, марапатталды.

Ал жерлес ақын Ұлықбек Есдәулетовтің тойы енді туған жері Зайсан ауданында жалғасын таппақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button