Сыр елінде «Жасыл аймақ» апталығы аясында жалпыоблыстық сенбілік өтті
Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Сыр өңірінде қарқынды түрде жалғасуда. Экоакцияның әр аптасы арнайы тақырыптарға негізделген.
«Жасыл аймақ» атауымен жалғасқан үшінші аптасында саябақтар, скверлер, парктер мен аллеялар аумақтарын абаттандыру, қоқыстардан тазарту, ағаш отырғызу сынды жұмыстар белсенді жүргізілуде.
Атап айтқанда, ардагерлер қауымы «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген тәмсілді ұстанып, «Жасыл аймақ» акциясына бір ауыздан үн қосты. Шара барысында облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ө.Шәменов бастаған қазыналы қарттарымыз Қорқыт ата ескерткіші маңына гүл егіп, айналаны таза ұстауға шақырды.
Ал, аймақтың белсенді жастары қаладағы Сыр талын егіп, «Жасыл аймақ» апталығына қолдау білдірді. Бұдан бөлек, олар экоакцияны қызықты әрі ерекше өткізу мақсатында тұрғындарға балмұздақ таратып, ескерткіш аумағында «Бауырсақ paty» шарасы ұйымдастырылды.
Сыр ұстаздары да республикалық экологиялық акцияға ерекше қолдау білдірді. Білім саласының қызметкерлері мен бір топ ҮЕҰ өкілдері және де «Аманат» партясының «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері қаладағы Б.Шөкенов атындағы саябақта ағаш діңгектерін әктеп, аумақты түрлі қоқыстардан тазартты. Шара барысында «Караоке баттл», «Бауырсақ party» секілді ерекше бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылып, түрлі бейнедегі аниматорлар тұрғындарды қуанышқа бөледі.
Сонымен қатар, игілікті шараға 100-ге жуық медицина саласының қызметкері өз үлестерін қосып, облыстық медициналық орталықтың алдына ағаш көшеттерін отырғызды.
Жаңадан шаңырақ көтерген 10 жас отбасы өткен жылы ел игілігіне табысталған «Отбасы орталығының» аумағына ағаш көшеттерін отырғызды. Шара соңында жас отбасылар естелік ретінде фотозоналарда түсірілім жасап, көтеріңкі көңіл күйде шараны қорытындылады.
Жалпыоблыстық сенбілік аудандарда да мәні-мазмұны айшықталған ерекше іс-шаралармен жалғасуда. Атап айтқанда, аралдықтар аудан көлемінде ағаш көшеттері мен гүл отырғызу жұмыстарын белсенді жүргізді. Биыл Арал қаласында 3000 түп ағаш отырғызу межеленген.
Қазалы ауданының тұрғындары да игі бастаманы қолдай отырып, аталған акцияға ерекше атсалысты. Аудандағы денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің қатысуымен Әйтеке би кенті Жанқожа батыр көшесіндегі су арналарын қоқыстан тазартты. Бұдан бөлек, ауданда 300 түп қаламша мен гүл көшеттері отырғызылды.
Қармақшы ауданында экоакция аясында аудан ардагерлері, белсенді жастар және мәдениет қызметкерлерінің қатысуымен Жосалы кентіндегі «Жеңіс» саябағына 200 түп ағаш отырғызды.
Еңбектің көзін тапқан 41 Социалистік Еңбек Ері шыққан Шиелі ауданындағы іргелі уран өндіретін кәсіпорындар «Ру-6», Semizbai-U ЖШС-нің Иіркөл кеніші қызметкерлері де мекеме аумағын көгалдандырып, абаттандырды.
Ал, жаңақорғандықтар аудан орталықтарында орналасқан «Прайм парк» саябағына тазалық шараларын жүргізді.