Қазіргі уақытта су тасқынына қатысты не белгілі
Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстандағы су тасқыны жағдайы туралы жедел ақпарат берді, – деп хабарлайды janalyq.kz.
Орталық басқару орталығында өткен брифингте ТЖМ өкілі Асқар Шәріптің айтуынша, Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінің су деңгейіне мониторинг жалғасып, азаматтарды құлақтандыру және телерадио арқылы хабарландыру әр 4 сағат сайын жалғасып жатыр.
“Өңірлерден ТЖ министрлігінің қосымша күштері мен құралдары тартылып жатыр. Келген күштер мен құралдар учаскелерге бөлініп, жұмысқа кірісті. Өткен тәулікте Оралдағы “Стеновик” бау-бақша қоғамынан 4 адам құтқарылып, 61 адам эвакуацияланды. Қалған тұрғындар бұған дейін алдын ала эвакуацияланған болатын. 1497 адам уақытша орналастыру пункттерінде, қалған тұрғындар туыстарының үйлеріне орналастырылды. Саяжай үйлерде қалып қойған тұрғындардың бар-жоғын тексеру мақсатында аралау жалғасып жатыр”, – делінген хабарламада.
ТЖМ мәліметінше, осы сағатта 23 085 адам өз үйлеріне оралған. 8 872 адам, оның ішінде 3 852 бала эвакуациялау пункттерінде.
“4 554 тұрғын үй мен 2 767 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. 11,4 миллионнан астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 5,3 миллион қапшық және 1,4 миллионнан астам тонна инертті материал төселді”.
Ақмола, Ақтөбе, Атырау және Солтүстік Қазақстан облысында 5 842 жеке тұрғын үй мен 1 061 аула аумағынан судың бағытын бұру және су сору жұмыстары жалғасып жатқаны айтылды.
“Су жүрген 32 автожол, су шайған 56 автожол, оның ішінде 9 көпір және 45 жол төсемі бақылауда қалуда. 32 елді мекен көлік қатынасынсыз қалуда, оларға қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорлары құрылды. Жедел желі телефонына 2 132 қоңырау түсті.
Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 33 852 адам, 4 973 техника, 874 су сору құралы, 389 жүзу құралы, 14 әуе кемесі жұмылдырылған.