05

Іле Алатауы ұлттық паркінде экотуризмді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес құрылды

Алматыда Іле Алатауы ұлттық паркіндегі экотуризмді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті.

Кеңес құрамына 19 адам кірді. Олардың қатарында туристік ұйым, бизнес өкілдері, ғалымдар, спортшылар, экобелсенділер, қоғам қайраткерлері бар.

Отырысты ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев ашты. «Екі апта ішінде экобелсенділермен, қоғамдық бірлестік өкілдерімен кездестім. Мен бәрін осы кеңес құрамына кіруге шақырған едім. Бүгінде 30 үміткердің ішінен түрлі саладан 19 адам іріктелді. Мемлекеттік орган өкілдері алынған жоқ, тек Алматы қаласы Экология департаменті директоры және мен ғана бармын», – деді Ерлан Нысанбаев.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінде ұлттық парктерде экотуризмді дамыту үрдіске енген. Іле Алатауы ұлттық паркіне де бұл жат емес. Сондықтан оны дамытуда америкалық даму моделі таңдалды. Бұл дегеніміз туристік аяқжолдар мен маршруттар салу.

«Біз бас жоспар әзірледік. Негізінен сапарлау орталықтарын құру көзделуде. 7 глэмпинг, кемпинг, этноауыл, автокеруен орны жоспарланып отыр. Біз негізінен күрделі іргетас салынбайтын нысандарға басымдық бермекпіз. Жұртшылық ұлттық парк экотуризмін дамытуға қатысуға құқылы. Біз бүгін осы жерде бас қосып, ұлттық паркте экотуризмді дамыту мәселесін талқыламақпыз. Мұндай кеңестер басқа да парктердің жанынан құрылады. Бірақ экотуризмді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес бөлек болуы керек», – деді Нысанбаев. Қатысушылар типтік ереже жобасы мен қатысушылар тізімін тақылады. Конференцияға қатысушылар кеңес құрамынан мемлекеттік орган өкілдерін алып тастауды ұсынды. Ұсыныс қабылданды.

Дереккөз: inform.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button