Басты жаңалықЖаңалықтар
«Бөген» су қоймасында қауіп жоқ
Бүгінгі таңда «Бөген» су қоймасында төтенше жағдайдың орын алу қауіпі төніп тұрған жоқ.
2021-2022 жылдары төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі уақытта күрделі жөндеу жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жобаға мемлекеттік сараптамасының қорытындысын ағымдағы жылдың маусым айында алу жоспарлануда.
Сонымен қатар су қойманың беріктігін арттыру мақсатында 2022 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта қоймадағы су авариялық жағдайлардың алдын алу бойынша тиісті құралдармен қамтамасыз етілген.
Су қойманың пайдалу ережесі 1967 жылы «Союзгипрорис» институтының жобасы бойынша әзірленіп, пайдалануға берілген. 2017 жылы «Қазсушаржоба» РМК ОҚФ «Оңтүстіксушаржоба» ӨБ арқылы жаңартылды.
Қазіргі уақытта Бөген су қоймасының пайдалану режимі әзірленіп, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясына келісуге жіберілді.
10 наурыздағы жағдай бойынша Бөген су қоймасында 349,1 млн.м3 су жиналып, өткен жылмен салыстырғанда 14 млн.м3-қа (2023 ж. 363,1 млн.м3) кем. Қазіргі таңда, су қоймаға 45,6 м3/сек су келіп, 15 м3/сек су босатылуда.
Бекітілген кестеге сәйкес, жыл сайын наурыз айынан бастап шаруаларға көктемгі егіс жұмыстарына ағын су жеткізіледі.
Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы сыйымдылығы 370 млн.м3 құрайтын «Бөген» су қоймасы 1967 жылы пайдалануға берілген. Жалпы суармалы жер көлемі 67 мың гектар. Құйылмалы және ескі арналы сулар мен «Бөген» және «Арыс» өзендерінен толтырылады.
Тек ресми дереккөздерге сенуді сұраймыз және жалған ақпарат таратудан аулақ болуға шақырамыз.