ДенсаулықСаясат

Сенатта Денсаулық туралы кодекс жобасы қаралады

Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Сенат Бюросының отырысы болып өтті. Онда Палатаның 11 маусымға жоспарланған алдағы отырысының күн тәртібі бекітілді, деп хабарлады ҚР Парламенті сенатының баспасөз қызметі.

Сенаторлар алдағы отырыста Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексі жобасын және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі ілеспе заң жобасын қарауды жоспарлауда.
Одан бөлек, отырыста заңнамалық актілерге атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру, цифрлық технологияларды реттеу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ, халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отыру мәселелері бойынша енгізілетін түзетулер қаралады.

Сонымен қатар, Бюрода Мәжілістен келіп түскен заң жобалары салалық комитеттерге бөлініп берілді.

Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудиторлық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ахуалды жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын одан әрі пысықтаумен айналысады.

Ал «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне бекітілді.

Бас комитеттерге Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының басқа комитеттерінің ұсыныстарын қорыту және осы құжаттар бойынша қорытындылар дайындау тапсырылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button