ҚЫЗМЕТТЕН ҚАЙТЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ҰЛТТЫҚ ҰЛАН ОФИЦЕРІ АЛТЫН БҰЙЫМДАРДЫ ҰРЛАДЫ ДЕГЕН КҮДІКТІНІ ҚУЫП ЖЕТІП, ҰСТАДЫ

Өскеменде Ұлттық ұлан офицері қызметтен үйіне қайтып бара жатып, ұрлық жасады деген күдіктіні ұстауға көмектесті. Майор Бахтияр Өмірзақ әйел адамның сұраған көмегіне бейжай қарамай, жедел әрекет етті.
Өскеменде 21:00 шамасында 3477 әскери бөлім штаб бастығының орынбасары майор Бахтияр Өмірзақ Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей көшесі, 21-үйдің ауласына көлігімен кіріп келе жатқан. Кенет оның алдынан 26-мектеп бағытына қарай жүгіріп өткен ер адам көзге түседі.
Көп ұзамай офицердің жанына С. есімді азаматша жүгіріп келіп, алтын бұйымдарын белгісіз біреудің ұрлап кеткенін айтып, күдіктіні ұстауға көмектесуін сұраған.
Бахтияр бірден күдіктінің соңынан қуа жөнеледі. Нәтижесінде оны қуып жетіп, мектеп стадионының аумағында қолға түсіреді. Кейін ұсталған азамат мән-жайды анықтау үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
«Сол сәтте адамның көмекке мұқтаж екенін түсіндім. Бейжай қарап тұра алмадым, сондықтан бірден әрекет етуге шешім қабылдадым. Ең бастысы – күдіктіні көзден таса қылмай, полиция қызметкерлеріне тапсыру болды», – деді майор Бахтияр Өмірзақ.
Офицердің айтуынша, мұндай жағдайда сабыр сақтап, ахуалды жылдам бағалау және айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндірмей, батыл әрекет ету маңызды.
ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі



