«GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» ҚАМБАШ ЖАҒАСЫНДАҒЫ ИГІ ІС

Бүгін «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлік апталығы аясында ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылды.
Табиғат жанашырларын ортақ мақсатқа ұйыстырған шараға Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның барлық өңірінен келген еріктілер қатысып, Қамбаш тынығу лагерінің аумағына тал көшеттерін отырғызды. Сондай-ақ, Қамбаш көлінің жағалауын тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұмыстарын жүргізді.
Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған игі бастама табиғи байлықтарды сақтау, экологиялық мәдениетті нығайту және өскелең ұрпақтың туған жерге деген жауапкершілігін арттыруды көздейді. Волонтерлердің бірлесе атқарған еңбегі табиғат тазалығына бейжай қарамай, оны келер ұрпаққа көркейген күйінде жеткізудің маңызын айшықтады.
Сыр өңірі – Сырдарияның бойында өркен жайған, тарихы терең, табиғаты тағылымға толы өлке. Оның ішінде Арал аймағының экологиялық жағдайын жақсарту, су айдындарының тазалығын сақтау мен биоалуантүрлілікті қорғау – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, Қамбаш көлінің жағалауын тазарту мен аумақты көгалдандыру жұмыстарының мәні айрықша. Мұндай шаралар табиғи ортаны сақтауға ғана емес, қоғамда экологиялық сана мен жауапкершілікті қалыптастыруға да ықпал етеді.
Халықаралық волонтерлік апталық аясында өткізілген акция әр елден келген жастардың ынтымақтастығын нығайтып, ортақ құндылықтар төңірегінде топтасуына мүмкіндік берді. Қатысушылардың белсенділігі еріктілік қозғалысының әлеуетін танытып, табиғатты қорғау ісінде бірлескен әрекеттің маңызын көрсетті.
«GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық бастамасы жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, волонтерлік мәдениетті дамытуға және қоршаған ортаға ұқыпты көзқарасты кеңінен дәріптеуге бағытталған.
Табиғатты аялау – болашақ алдындағы жауапкершілік. Бүгін отырғызылған әрбір тал мен тазартылған жағалау – туған жердің көркеюіне қосылған үлес әрі келер ұрпаққа қалатын ортақ аманат.



