Сәтбаевта Кеншілер мен байытушылар күні кең көлемде аталып өтті

Сәтбаев қаласында Кеншілер мен байытушылар күніне арналған ауқымды мерекелік шара ұйымдастырылды. Кәсіби мерекеге орай өткен концертке шамамен 25 мың тұрғын мен қала қонағы қатысты.
Тау-кен өндірісімен тығыз байланысты Сәтбаев үшін Кеншілер мен байытушылар күні – жыл сайын аталып өтетін маңызды мерекелердің бірі. Бұл күні қаланың орталық алаңы мерекелік безендіріліп, тұрғындар үшін бірнеше сағатқа созылған концерттік бағдарлама ұсынылды.
Кеш барысында қазақстандық эстраданың танымал өкілдері сахнаға шықты. Көрермендер алдында «МузАрт» тобы, Мирас Жүгінісов, Маржан Арапбаева, Мақпал Исабекова, Мархаба Сәби, сондай-ақ Президенттік оркестрдің солистері Еркебұлан мен Бауыржан өнер көрсетті.
Концерттік бағдарламаның арнайы қонақтарының бірі – танымал әнші Қайрат Нұртас болды. Ол көпшілікке белгілі әндерін орындап, кештің мерекелік атмосферасын одан әрі қыздыра түсті.
Кешті қазақстандық танымал A’Studio тобы қорытындылады. Бірнеше сағатқа жалғасқан концерт соңында аспанға мерекелік отшашу атылды.
Осылайша, Сәтбаевтағы кәсіби мерекелік шара қала тарихы мен тау-кен саласының дамуына үлес қосып келе жатқан кеншілерді ұлықтаған ауқымды мәдени кешке ұласты. Мерекелік жиынға әр буын өкілдері, кеншілердің отбасы мүшелері мен қала тұрғындары қатысып, айтулы күнді бірге атап өтті.



