Жаңалықтар

ШҚО-да жаз мезгілінде көкөніс бағасын тұрақтандыру үшін бірқатар шаралар қолға алынды

Шығыс Қазақстан облысында халықты жеміс-көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету және жазғы кезеңде бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында 1 мамыр мен 1 тамыз аралығында көкөніс өнімдерін жеткізу бойынша келісімшарттар жүзеге асырылуда. Оның ішінде 40 тонна пияз, 30 тонна қырыққабат, 35 тонна сәбіз және 250 тонна картоп қарастырылған.

 

Жобаның жалпы құны 95 905 000 теңгені құрайды. Өнім жеткізуші ретінде «Мусин Мәди Қайратұлы» шаруа қожалығы анықталған.

 

«Ертіс» ӘКК мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсыну мақсатында 2012 жылдан бері жеке сауда павильондары желісі құрылып келеді. Қазіргі таңда желіде 45 сауда нысаны бар. Оның 17-сі – ӘКК-нің жеке павильондары, ал 28-і меморандум негізінде жұмыс істейтін серіктес сауда орындары.

 

2019 жылдан бері бағаны тұрақтандыру бағдарламасына бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат тұрақты түрде өнім жеткізушілерге айналым қаражаты ретінде ұсынылады.

 

Айта кетейік, 2025 жылдан бастап бағаны тұрақтандыру шаралары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 11 түріне қолданылады. Оның ішінде 6 атаулы бакалея өнімі, 4 атаулы жеміс-көкөніс өнімі және сиыр етінің жауырын-төс бөлігі бар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button