Басты жаңалықМәдениет
Trending

Елордада түрік асханасының дәстүрлі апталығы өтті

Астанада «Бір дастарқандағы мұра» тақырыбында түрік асханасы апталығы ұйымдастырылды. Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің үйлестіруімен өткен шара аясында ресми таныстырылым кеші ұйымдастырылып, халықаралық қонақтарға түрік ас мәдениетінің тарихы мен өзіндік ерекшеліктері таныстырылды, деп хабарлайды Janalyq.kz порталы.

Түрік асханасы апталығы (Turkish Cuisine Week) — Түркия Республикасының Бірінші ханымы Эмине Ердоғанның жоғары қолдауымен және бастамасымен 2022 жылдан бері жыл сайын мамыр айының 21–27 аралығында әлем деңгейінде атап өтілетін ауқымды халықаралық гастрономиялық жоба.

Елордадағы «Selfie» мейрамханасында өткен шарада қонақтарға Анадолы мен Ұлы Дала арасындағы көпғасырлық мәдени байланысты көрсететін арнайы мәзір ұсынылып, әр тағамның шығу тарихы айтылды. Ас мәзірінің басында «Анадолы нандары мен бөлісу серіктері» айдарымен юфка, базлама, шағын пиде және ашытқы нан түрлері дәстүрлі өнімдермен бірге берілді. Бұдан кейін ұсынылған «Топырақтың алғашқы тілі» тағамында Қазақстанның жергілікті базарларынан алынған маусымдық өнімдер мен көк шөптер түрік асханасының дәстүрлі дәмдеуіштері сумах, исот және анар шәрбатымен үйлестірілді.

Екі елдің ортақ мәдениетін көрсету мақсатында дайындалған «Бір қамырдың қос үні» бөлімінде қой етінен жасалған Анадолы мәнтісі мен қазақтың дәстүрлі тұшпарасы бір табақта ұсынылды. Шара барысында жапырақ сарма, ичли көфте және салмасы бар қамыр өнімдерінен тұратын «Диалог табағы» арқылы ортақ мәдени мұра насихатталды. Ал кештің негізгі тағамы ретінде ұзақ уақыт пісірілген қой етінен жасалған тандыр мен кешкәк тағамы тартылды. Кеш соңында дәстүрлі түрік тәттілерімен және түрік кофесімен бірге қазақ халқының ұлттық дәмдері жент пен қоспа қонақтарға ұсынылып, мәдени байланыс дастарқан басында жалғасын тапты.

Сонымен қатар, апталық аясында Түркияның танымал шеф-аспазы Али Ронай Қазақстанның «Jibek Joly» телеарнасындағы «Дәмді life» бағдарламасына қатысты. Телевизиялық бағдарлама барысында түрік асханасы туралы cұхбат жүргізіліп, көрермендерге дәстүрлі тархана сорпасының дайындалу жолы таныстырылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button