ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖӘНЕ ҚЫТАЙЛЫҚ КОЛЛЕДЖДЕР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ АЛЬЯНСЫН ҚҰРДЫ

Елімізде кәсіби білім беруді инновациялық дамыту жөніндегі халықаралық Альянс құрылды. Оның құрамына техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарымен қатар Қытай колледждері мен әлеуметтік серіктестер де енді. Қазіргі таңда альянс 15 қатысушыны біріктіріп отыр.
Бірлестіктің негізгі мақсаты — Қазақстан мен Қытайдың заманауи кәсіпорындарының сұранысына сай білім беру мен өндіріс арасындағы тиімді ықпалдастық жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ экономиканың жаңа салаларына қажетті білікті мамандар даярлау.
Альянсты құру бастамасын Теміртау жоғары политехникалық колледжі көтерді. Колледж директоры Салтанат Ақбергенованың айтуынша, бұл идея өткен жылдың ақпан айында Астанада өткен «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінде қытайлық серіктестермен танысудан кейін пайда болған.

«Іс-шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығына ерекше тоқталды. Сол жерде біз Қытай өкілдерімен танысып, олардың экономика мен өндіріс сұранысына сай кадр даярлау жүйесінің қаншалықты тиімді ұйымдастырылғанын көрдік. Бүгінде Қазақстан нарығында қытайлық техника кеңінен қолданылып келеді. Алайда онымен жұмыс істей алатын мамандар жеткіліксіз. Бұл сервис қызметіне де, өндірістік құзыреттерге де қатысты.
Фестивальден кейін бізді Бейжіңдегі Чанпин мектебіне шақырды. Онда Қытай мен Германияның 200-ден астам қатысушыны біріктіретін халықаралық колледждер альянсының жұмысымен таныстық. Сол кезде тәжірибе алмасуға, академиялық ұтқырлықты дамытуға және техникалық әрі кәсіптік білім беру жүйесіне жаңа тәсілдерді енгізуге арналған осындай алаңды қытайлық серіктестермен бірлесіп құру идеясы туындады», — деді Салтанат Ақбергенова.
Альянс аясында Теміртау жоғары политехникалық колледжінің базасында Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіптік даярлық орталығы да ашылды. Оның негізгі бағыттарының бірі — ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторларын даярлау.
Оқыту бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі: фото және бейнетүсірілімге арналған дрондарды басқару, ІІМ мен төтенше жағдайлар қызметтеріне қажетті өндірістік, сондай-ақ ауыл шаруашылығына арналған ұшқышсыз аппараттармен жұмыс істеу.
Альянстың құрылуы қатарынан үшінші жыл ұйымдастырылып отырған «Мамандықтар әлемін ашамыз – 2026» республикалық студенттік форумы аясында өтті.
Форум еліміздің түкпір-түкпірінен келген студенттерді, оқытушыларды және жас зерттеушілерді біріктірді. Биыл ұйымдастырушылар 100-ден астам конкурстық өтінім қабылдап, олардың ішінен 68 жоба финалдық кезеңге өтті.
Қатысушылар IT технологиялар, инженерия, химиялық зерттеулер, экология және әлеуметтік-экономикалық бағыттар бойынша әзірлемелерін ұсынды. Барлық жобалар практикалық маңызға ие және стандартты оқу бағдарламасының шеңберінен шығады.

Форумға қатысушылардың бірі — ҚР ІІМ Қарағанды академиясының курсанттары. Олар цифрлық қауіпсіздікті арттыруға және интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған киберволонтерлік қозғалыс жобасын таныстырды.
Тағы бір жоба — мектептер мен колледждерге арналған жаңалықтар WEB-қосымшасы. Платформа оқушылар мен оқытушыларға сабақ кестесіне, хабарландыруларға, жаңалықтарға және қатысу туралы ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл жоба бүгінде Теміртау жоғары политехникалық колледжінде енгізілген.
Ерекше жобалардың қатарында Шахтинск технологиялық колледжі студенттерінің әзірлемесі де бар. Олар мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған боямақ ертегісін жасап шығарған. Жоба ойын форматы арқылы балаларды радиотехника негіздерімен және радиотолқындарды баптау қағидаларымен таныстырады.
Форум жеңімпаздарын жобаларды қорғау мен ғылыми-тәжірибелік конференция қорытындысы бойынша арнайы конкурс комиссиясы анықтайды.



