Өскеменде ұландықтар адасқан баланы анасына табыстады

Өскемен қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында Ұлттық ұлан жауынгерлері қырағылық танытты. Оқиға 13 наурыз күні сағат 21:20 шамасында тіркелген. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің әскери жасағы қаланың Спорт сарайы аумағында ата-анасының қарауынсыз адасып жүрген баланы байқайды. Жеткіншек патрульдік топқа үйін таба алмай қалғанын айтып, көмек сұраған.
Аталған жағдайға жедел әрі кәсіби тұрғыда әрекет еткен ұландықтар баланың жеке басы мен тұрғылықты мекенжайын анықтап, үйіне жеткізді. Баласымен қайта қауышқан анасы сол сәтте ұлын іздеп, құқық қорғау органдарынан көмек сұрауға дайындалып жатқанын жеткізді.
— Жоғалған баламды шарқ ұрып іздеген жерім қалмады. Қайда барарымды білмей отырғанда Ұлттық ұланның әскери қызметшілері есігімді қағып, баламды үйге дейін әкелді. Қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін азаматтарға алғысым шексіз, — дейді баланың анасы Полина Злобина.
2010 жылы туған жасөспірім Ұлттық ұлан жауынгерлері қала көшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, қиын сәтте қол ұшын созатын сенімді қорғаушылар екенін атап өтті.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі



