Ұлан ауданында республикалық референдумға дайындық барысы пысықталды

Ұлан ауданында алдағы республикалық референдумды жоғары деңгейде ұйымдастыруға бағытталған жұмыс кеңесі өтті. Басқосуға аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, сондай-ақ учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары қатысып, маңызды саяси науқанға дайындықтың өзекті мәселелерін жан-жақты талқылады.
Кеңесте басты назар сайлау учаскелерінің толық әзірлігін қамтамасыз етуге аударылды. 22 ақпаннан бастап учаскелік комиссиялар өз міндеттерін ресми түрде бастап, белгіленген тәртіпке сәйкес сайлаушылар тізімдерін қабылдап алды. Ұйымдастыру шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, әрбір учаскенің дайындығы жүйелі түрде саралануда.
Әсіресе материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесі кеңінен қаралды. Дауыс беру өтетін орынжайлардың талапқа сай әзірленуі, қажетті құрал-жабдықтар мен байланыс құралдарының сақадай сай болуы, комиссия мүшелері мен аудан тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдайдың жасалуы — басты міндеттердің бірі екені атап өтілді.
Жиын қорытындысында қолданыстағы заңнама талаптарын мүлтіксіз сақтау, дауыс беру күні барлық рәсімдердің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету қажеттігі баса айтылды. Референдумға дайындық жұмыстары тұрақты бақылауда, әрбір қадам заңдылық пен жауапкершілік қағидаттарына негізделіп жүзеге асырылуда.



