Жаңалықтар
Білім мен құндылықтарға негізделген құқықтық мемлекеттің жаңа конституциялық моделі
Ұсынылып отырған жаңа конституциялық модель Қазақстан Республикасында құқықтық мемлекеттің эволюциясын тек институционалдық қайта құрулармен шектемей, қоғам дамуының терең құндылықтық негіздерін жаңаша пайымдаумен сипатталады. Бұл тұрғыда Конституция әлеуметтік-саяси қатынастарды реттейтін құқықтық құжат қана емес, сонымен қатар ұлттың өркениеттік дамуының стратегиялық бағдарын айқындайтын идеологиялық акт ретінде көрініс табады.
Атап айтқанда, білім құндылықтарын конституциялық деңгейде бекіту мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының негізгі алғышарты ретінде адами капиталдың басымдығын мойындауды білдіреді. Білім, ғылым және инновацияны мемлекеттің стратегиялық қызметінің өзегі деп тану табиғи ресурстарға тәуелді экономикалық модельден зияткерлік әлеуетке негізделген орнықты даму парадигмасына өтудің құқықтық негізін қалыптастырады. Бұл ұстаным Қазақстан Республикасының болашақтағы жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін шешуші фактор ретінде қарастырылады.
Сонымен қатар, білім мен ғылымның конституциялық маңызын айқындау құқықтық мәдениетті қалыптастырудың да шешуші алғышарты болып табылады. Құқықтық мемлекет тек тиімді институттарға ғана емес, құқықты саналы түрде қабылдайтын, заңның мәні мен мақсатын түсінетін азаматтық қоғамға сүйенеді. Осы тұрғыда сапалы білім беру жүйесі құқықтық сананы дамытуға, азаматтардың конституциялық құндылықтарға адалдығын нығайтуға және қоғамдық жауапкершілікті арттыруға тікелей ықпал етеді. Демек, білімге негізделген конституциялық модель құқықтық мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін әлеуметтік және мәдени іргетас ретінде қызмет атқарады.
Тарихи-мәдени мұраны сақтау және төл мәдениетті қолдау қағидаттарының конституциялық кеңістікте орнығуы ұлттық бірегейлікті нығайтудың және қоғамдық сабақтастықты қамтамасыз етудің маңызды тетігі ретінде айқындалады. Мәдени мұра тек өткеннің ескерткіші емес, ол – қазіргі қоғамның рухани тұтастығын сақтайтын және болашақ даму бағдарын айқындайтын стратегиялық ресурс. Осы тұрғыдан алғанда, Конституция ұлттық мәдениетті қолдауды мемлекеттің тұрақты даму саясатының құрамдас бөлігі ретінде бекітеді.
Осы аталған құндылықтар Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды және инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп танитын қағидатпен өзара органикалық байланыста жүзеге асырылады. Аталған норма конституциялық жүйеде әлеуметтік мемлекет пен құқықтық мемлекеттің синтезін қамтамасыз ете отырып, тұлғаның зияткерлік, мәдени жауапты дамуына бағытталған кешенді құқықтық негіз қалыптастырады.
Осылайша, жаңа Конституция жобасы құқықтық мемлекеттің мазмұнын формальды заң үстемдігі шеңберінен шығарып, білімге негізделген және мәдени сабақтастықты сақтайтын заманауи мемлекет моделін орнықтыруға бағытталған жүйелі әрі прогрессивті құжат ретінде бағаланады.



