Жаңалықтар

Жаңа Конституция: ел дамуының жаңартылған логикасы

Жаңа Конституция жобасымен мұқият таныстым. Бұл бастама жай ғана жекелеген нормаларды өзгерту емес, елдің даму логикасын жаңаша қалыптастыруға бағытталған жүйелі қадам деп санаймын.

Ең маңызды тұстарының бірі – құжаттың тар шеңберде әзірленбеуі. Конституциялық комиссия құрамына әртүрлі саланың өкілдері енді: заңгерлер мен сарапшылар, бизнес пен азаматтық қоғам мүшелері, депутаттар. Барлық саяси партиялар мен өңірлер қамтылды. Бұл қабылданып жатқан шешімдердің бір ғана ортаның емес, кең қоғамдық талқылаудың нәтижесі екенін көрсетеді.

Талқылау процесі барынша ашық өтті. Комиссия отырыстары жария түрде көрсетілді, ұсыныстар eGov және e-Otinish платформалары арқылы қабылданды, қоғамнан мыңдаған пікір жиналды. Ашықтық – бизнес үшін негізгі құндылықтардың бірі. Ережелер түсінікті әрі ашық болған жерде сенім қалыптасады.

Жобаның мәні тек баптардың өзгеруінде емес. Негізгі логика түбегейлі жаңарып отыр: мемлекет қоғамнан жоғары тұрған құрылым емес, қоғамның ішінде оған қызмет ететін жүйе ретінде қарастырылады, ал адам құқықтары басты құндылыққа айналады. Бұл кәсіпкерлер үшін меншікке, бастамаға және еңбектің нәтижесіне деген құқықтардың нығаюын білдіреді.

Мен үшін бұл – «мемлекет үшін адам» қағидатынан «адам үшін мемлекет» моделіне көшу жолындағы нақты әрі маңызды қадам. Осындай құқықтық және ашық ортада жұмыс істеу – әрбір кәсіпкердің де, тұтас қоғамның да ортақ мүддесі.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button