Басты жаңалықДенсаулық
Trending

«Ұлытау облысында эпидемиологиялық ахуал мен қысқы қауіпсіздікке дайындықты қамтамасыз ету шаралары талқыланды»

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен өткен кезекті аппарат жиынында өңірдегі эпидемиологиялық ахуал, тұмауға қарсы вакцинациялау жұмыстары және қысқы маусымға дайындық барысы жан-жақты қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, денсаулық сақтау және коммуналдық қызметтер басқармаларының басшылары қатысты.

Әкім қазіргі маусымда эпидемиологиялық жағдайға барынша сақтықпен қараудың маңызын атап өтті. Дастан Адайұлы профилактикалық шараларды күшейтуге, әсіресе халық арасында тұмауға қарсы екпе алу қажеттілігі мен пайдасын түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуге тапсырма берді. Оның айтуынша, иммундау қарқыны тұрғындардың денсаулығын қорғауда шешуші рөл атқарады және эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Облыс басшысы денсаулық сақтау басқармасына санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесіп тәуекел тобындағы азаматтардың үйлерін аралап, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, қоғамдық тамақтану орындарындағы санитарлық талаптардың сақталуын бақылауда ұстау, тағамнан улану жағдайларын болдырмау бойынша нақты шараларды дер кезінде іске асыру міндеттелді.

Жиында қысқы маусымға дайындық мәселесі де қаралды. Ауа-райы әлі қолайлы болғанымен, әкім қатты қар жаууы мен мұздақтың басталуына әрдайым дайын болу қажеттігін атап өтті. Құмнан бөлек басқа да инертті материалдарды қолдану мүмкіндігі қарастырылып, өзге өңірлердің тәжірибесін зерттеу тапсырылды.

Сонымен қатар кәсіпкерлік субъектілерімен бірлесіп, ғимараттары маңындағы 5 метр аумақты қардан уақытылы тазарту бойынша түсіндіру жұмыстары қазірден басталуы керек екені айтылды. Әкім жол және коммуналдық қызметтердің жұмысын күшейтуді, жанармай қорын алдын ала толықтыруды, жаяу жүргіншілердің қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын үздіксіз қамтамасыз етуді міндеттеді.

Жиын қорытындысында Дастан Рыспеков қысқы қауіпсіздік шараларын тиімді ұйымдастыру, тұрғындардың денсаулығын сақтау және әлеуметтік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстарды тұрақты жүргізу қажеттігін тағы бір мәрте атап өтті. Бұл шаралар өңірдегі әлеуметтік-демографиялық жағдайдың тұрақтылығын сақтау, азаматтардың өмір сапасын арттыру және қоғамдық денсаулықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып саналады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button