Экономика
Trending

Ұлытау облысында индустриалды аймақ құру жұмыстары қарқын алды

Ауқымды жоба Сәтбаев қаласында жүзеге асырылуда. Индустриялық аймақ экономикасын әртараптандыруға, жаңа жоғары тиімді өндірістерді дамытуға және шетелдік инвесторларды тартуға бағытталған. Қазіргі таңда жалпы жер аумағы — 12 гектар болса, болашақта ол 50 гектарға дейін ұлғайтылады деп жоспарлануда. Басқарушы компания ретінде «Ұлытау ӘКК» АҚ тағайындалған.

Құрылыс алаңында суық су тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін сумен және жылумен жабдықтау, кәріз жүйесін жүргізу жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым қалыптасқаннан кейін жол салу, электрмен және интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынады. Осылайша Сәтбаев қаласында отандық және шетелдік кәсіпкерлерге өз жобаларын іске асыру үшін қолайлы орта жасалмақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл бастама келесі жылы толық аяқталады деп күтілуде. Индустриялық аймақ өңірдің экономикалық дамуын жеделдетіп, жаңа өндірістер мен кәсіпорындардың ашылуына, сонымен қатар жастар мен еңбекке қабілетті тұрғындардың жұмысқа орналасуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде еңбек адамының беделін көтеріп, кәсіби мамандардың сұранысын арттырады.

Жобаның әлеуметтік әсері де айтарлықтай. Жаңа өндірістер жергілікті халыққа тұрақты табыс көзін ұсынады, жастардың кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді және ауылдық аймақтарда экономикалық белсенділікті күшейтеді. Сонымен қатар, индустриялық аймақ экологиялық таза технологияларды енгізу, инновациялық өндірістерді дамыту және экспорт әлеуетін арттыру арқылы өңір экономикасын тұрақты дамытуға үлес қосады.

Облыс әкімі Дастан Рыспеков индустриялық аймақты дамыту жұмыстарын қатаң бақылауға алып, жобаның сапалы әрі уақытылы іске асырылуын қадағалауды тапсырды. Жобаның іске қосылуы Ұлытау облысында экономикалық әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және білікті кадрларды даярлауға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button