
Бүгін Астана қаласында Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің II форумы өтті. Елдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға үлес қосып жүрген сала өкілдерінің басын қосқан бұл ауқымды іс-шараға Ұлытау облысынан 30-ға жуық фермер, диқан және ауыл шаруашылығы саласының білікті мамандары қатысты.
Аталған форум аясында ауыл шаруашылығын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл экономикасын нығайтуға сүбелі үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Осы салтанатты жиында жерлесіміз, Жезқазған қаласында орналасқан «Аяс» шаруа қожалығының басшысы Мұханбетжанов Асқар Әлиұлы Мемлекет басшысының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Асқар Әлиұлы – мал шаруашылығы саласында көп жылдық тәжірибесі бар, адал еңбегімен өңірге танылған кәсіпкер. Ол басқаратын «Аяс» шаруа қожалығы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қожалық қызметі ауылдық жерлерде еңбек мәдениетін қалыптастыруға және «Еңбек адамы» бейнесін дәріптеуге бағытталған нақты үлгілердің бірі саналады.
Сонымен қатар Асқар Әлиұлы өңірде өткізілетін мәдени, қоғамдық және әлеуметтік маңызы бар іс-шараларға белсене қатысып, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде халыққа сапалы әрі қолжетімді өнімдер ұсынып келеді. Бұл оның тек кәсіпкер ретінде ғана емес, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары азамат екенін көрсетеді.
Ұжым арасында да, жергілікті қауымдастық ішінде де Асқар Әлиұлы адал еңбегі, жауапкершілігі мен іскерлігі үшін зор құрметке ие. Оның көп жылғы табанды еңбегі мен салаға қосқан үлесі бүгінгі марапат арқылы лайықты бағаланып отыр.
Бұл марапат – ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген мыңдаған еңбеккерлердің мәртебесін арттыруға, жастарды еңбекке баулуға және аграрлық саладағы адал еңбекті насихаттауға бағытталған маңызды қадам.



