Өскеменде Ұлттық ұланның құрылған күнін атап өтті

10 қаңтар, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланы өздерінің кәсіби мерекесін атап өтуде. Осыдан 34 жыл бұрын құрылған бұл әскери құрылым елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Осыған орай Өскемендегі 5518 әскери бөлімінде өткен салтанатты шараға «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының міндеттерін уақытша атқарушы полковник Ерлан Чокушев, сонымен қатар өзара бірлесе әрекет ететін органдары, Ұлттық ұлан ардагерлері, “Жас бүркіт” әскери-патриоттық сыныптарының оқушылары қатысты.
– Еліміздің тәуелсіздік алғалы өткен тарихи өзгерістеріне тоқтала келсек, оның ішінде Ұлттық ұланның құрылу жолы қатпары терең маңызға ие. Жарқын болашаққа деген қарышты қадамды адымдап басуда, қоғам қауіпсіздігінің қалқанына айналған құқықтық-тәртіп әскерінің жалпы оған Ұлттық ұланның жауынгерлерінің қосқан үлесін мақтанышпен атап өтуге болады, – деді баяндамасында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының міндеттерін уақытша атқарушы полковник Ерлан Чокушев.
Кеш барысында әскери бөлімнің Ұлттық ұлан қатарындағы елеулі жылдардағы айтулы оқиғалары жайында бейнесюжеттер көрсетілді. Салтанатты шарада арнайы қонақтар сөз сөйлеп, жеке құрамды мерекемен құттықтады. Сондай-ақ мінсіз қызмет еткен және жауынгерлік дайындық барысында үздік деп танылған бірқатар әскери қызметшілер Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының және қолбасшы бұйрығымен арнайы төсбелгілер мен алғыс хаттар және грамоталармен марапаттады.
Ұлттық ұлан әскеріне қоғамдық тәртіпті сақтау, мемлекеттік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларда, қарулы қақтығыстарда азаматтарды қорғау сияқты маңызды міндеттер жүктелген.
Ұлттық Ұлан жауынгерлері күнделікті өз борышын адал орындау арқылы ел тыныштығы мен тұрақтылығын сақтауға үлес қосып келеді. Бұл күн – олардың қажырлы еңбегін бағалайтын ерекше мереке.
Айта кетейік, Ұлттық ұланының құрылған күніне орай салтанатты шаралар «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының барлық әскери бөлімдерінде өткізілді.
“Шығыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі



