Ұлытау облысында шағын және орта бизнес пен жұмыспен қамтудың дамуы

Ұлытау облысында шағын және орта бизнес субъектілері жыл басынан бері 160,6 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,8%-дық өсімге қол жеткізді. Бұл көрсеткіш шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 6,9%-ға жеткізді.
Облыстық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі Дастан Рыспеков осы көрсеткіштерді атап өтті. Оның айтуынша, жұмыспен қамтылғандардың саны 2,7%-ға артып, 30,8 мың адамға жетті. Бұл көрсеткіш облыстағы еңбек нарығының дамуын, жаңа жұмыс орындарының ашылуын және тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсарғанын білдіреді.
Сонымен қатар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының рейтингі бойынша облыс шағын және орта бизнесті дамытуға ең қолайлы үш өңірдің бірі болып танылды. Биыл жас кәсіпкерлерге өз бизнесін бастау үшін 195 мемлекеттік грант берілді. Сондай-ақ жалпы құны 3 млрд теңгені құрайтын 75 жаңа кәсіпкерлік нысаны іске қосылды.
Облыс әкімі Дастан Рыспеков шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы арқылы өңірдегі экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау маңызды екенін атап өтті.



