Ұлытау облысында отбасы институтын нығайту және әкелердің қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған форум өтті

Ұлытау облысында отбасы институтын нығайтуға және әкелердің қоғамдағы рөлін арттыруға арналған Облыстық әкелер форумы сәтті өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – әкенің мәртебесін көтеру, ұрпақ тәрбиесіндегі әкенің жауапкершілігін кеңінен насихаттау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды сақтау және дамыту мәселелерін кеңінен талқылау болды.
Форумды ұйымдастыруда Ұлытау облысы әкімінің орынбасары, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Зина Ақылбекованың қолдауы зор болды. Оның бастамасымен өткізілген шарада заманауи қоғамдағы отбасы мен әке рөліне қатысты маңызды мәселелер жан-жақты қарастырылды.
Форум барысында спикерлер бала тәрбиесіндегі заманауи әдістер, әкенің отбасындағы және қоғамдағы рөлі, ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілікті арттыру жолдары бойынша кең көлемді баяндамалар жасады. Іс-шараға қатысқан мамандар өздерінің кәсіби және өмірлік тәжірибелерін бөлісіп, практикалық кеңестер берді.
Шараға спикер ретінде:
- Айтмағанбет Мақсұтбек Дүйсенбекұлы – Республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,
- Достияров Жасұлан Бейсенбекұлы – Ұлытау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сотының төрағасы,
- Хошимов Жахонгир Учкунович – облыстық көпсалалы аурухананың дәрігер-урологы,
- Өткелбаев Ербол Серікұлы – Ұлытау облысы Қорғаныс істері департаменті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник,
- Байзақова Інжутас Әбенқызы – Білім басқармасының «Психологиялық қолдау орталығы» КММ директорының орынбасары,
- Баянбекова Айнұр Есенгелдіқызы – Сәтбаев қаласы Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,
- Кенжебаева Айжан Бекболатқызы – Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қатысты.
Форум қорытындысы бойынша қатысушылар облыс көлемінде әкелер қозғалысын дамытуға, отбасылық құндылықтарды сақтау мен нығайтуға, сондай-ақ әкелердің қоғам өміріне белсенді араласуын арттыруға бағытталған бірқатар нақты ұсыныстар қабылдады. Бұл іс-шараның нәтижелері әлеуметтік саясатты жүзеге асыруда, отбасы институтын қолдауда және болашақ ұрпаққа дұрыс құндылықтар мен тәрбиелік үлгілерді қалыптастыруда маңызды рөл атқаратындығы атап өтілді.



