ШҚО-да еңбек адамдарына құрмет көрсетілді

Шығыс Қазақстан облысында еңбек мерекесіне арналған «Адал азамат – адал еңбек» атты салтанатты шара өтті. Іс-шара еңбек адамының қоғамдағы рөлін дәріптеу, олардың еңбегін бағалау және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Мерекелік жиынға облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов, өңірдің түрлі кәсіпорындары мен ұйымдарының өкілдері, еңбек ардагерлері мен жас мамандар қатысты.
Дархан Сапанов өз құттықтау сөзінде еңбектің қоғам дамуындағы шешуші рөлін атап өтті:
– Жұмысшы мамандықтары жылы аясында елімізде еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсетіліп келеді. Әр азамат еңбектің қадірін түсініп, адал жұмыс істесе – мемлекетіміздің де іргесі беки түседі. Сондықтан адал еңбек ету қағидасын халқымыздың, әсіресе жас ұрпақтың бойына сіңіру – аса маңызды міндет, – деді ол.
Салтанатты рәсім барысында «Еңбек жолы» республикалық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды.
«Үздік еңбек династиясы» номинациясында үшінші орынды «Өскемен құс фабрикасы» АҚ-да жұмыс істейтін Қушановтар әулеті мен «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ-да еңбек ететін Әбубәкіровтер әулеті иеленді.
Екінші орын – Фатеевтер мен Линкерлер әулеттеріне бұйырды. Олардың 25 мүшесінің «Өскемен құс фабрикасы» АҚ-дағы жалпы еңбек өтілі 307 жылды құрайды.
Бірінші орынды Дёминдер династиясы жеңіп алды – олардың 32 өкілінің «Қазцинк» АҚ-дағы жалпы еңбек өтілі 650 жылға жетеді.
Сонымен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық конкурсыныңқорытындысы бойынша бірқатар кәсіпорындар да марапатталды.
«Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» және «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинацияларында «Өскемен жылу электр орталығы» жеңімпаз атанды.
«Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясында «Камышинское» ЖШС, ал «Үздік ұжымдық шарт» бойынша «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ мен «Сәулет» ЖШС үздік деп танылды.
«Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясының иегері – «Vosca» ЖШС, ал «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» атағын Марқакөл ауданындағы «Ислам» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Дүйсенбек Қалибеков иеленді.
Бұдан бөлек, жұмысшы мамандықтар жылы аясында өз саласында ерекше көзге түскен мамандар да марапатталды.
Атап айтқанда:
- «Үздік наубайшы» – Глубокое ауданының «Шахан Ата» ЖШС қызметкеріЕлена Пересадина,
- «Үздік балық өңдеуші» – «Зайсан балықшылары» өндірістік кооперативінің қызметкеріЛәззат Ильбекова,
- «Үздік сауыншы» – Ұлан ауданының «Қайрат» шаруа қожалығының қызметкеріЗарина Жүсіпова,
- «Үздік тракторшы» – Зайсан ауданының «СМУ-Шығыс» ЖШС қызметкеріМурад Бакиров.
Шара соңында еңбегімен елге үлгі болған азаматтарға алғыс білдіріліп, олардың табандылығы мен кәсібіне деген адалдығы көпшілікке үлгі ретінде көрсетілді.



