Жаңалықтар

«Қалбатау-Майқапшағай» тасжолының стратегиялық маңызы бар учаскесі ашылды

Шығыс Қазақстан облысында халықаралық маңыздағы «Омбы-Майқапшағай» тасжолының «Қалбатау-Майқапшағай» учаскесі салтанатты түрде ашылды.

 

Бұл ауқымды жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан көлік-логистика инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында іске асырылды.

 

Жаңа жол еліміз үшін стратегиялық маңызға ие. Ол халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің маңызды бөлігі және сыртқы сауданы, транзиттік әлеуетті, өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытуда жаңа мүмкіндіктер ашады.

Қайта жаңарту жұмыстарының нәтижесінде жолдың өткізу қабілеті артып, сапасы жақсарып, жол қозғалысы қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, кәсіпкерлікті және туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасалды.

«Бұл жол – ел бірлігінің және ертеңгі күнге деген сенімнің символы. Ол Шығыс Қазақстанның дамуына, азаматтардың өмір сүру сапасының жақсаруына жаңа серпін береді», – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Өңір басшысы облыс халқының атынан Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Көлік министрлігіне, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына және жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан мердігер ұйымдарға, инженерлер мен құрылысшыларға өз ризашылығын білдірді.

 

«Қалбатау-Майқапшағай» учаскесінің ашылуы – еліміздің заманауи жол желісін қалыптастырудағы және экономиканы тұрақты дамытудағы кезекті маңызды қадам болып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button