ШҚО-да перзентхана ғимараты қайта жаңғыртылуда

Шығыс Қазақстан облысында стационар ғимаратын «Ана мен бала орталығы» ШЖҚ КМК базасында заманауи перзентханаға айналдыру бойынша ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында ғимаратты қайта жоспарлау, инженерлік жүйелерді жаңарту және заманауи медициналық технологиялармен жабдықтау қарастырылған.
Жобаның тапсырыс берушісі – ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Бас мердігер – «DK Build» ЖШС, авторлық қадағалауды – «QAZSAURAN» ЖШС, техникалық қадағалауды – «ВЕХИ» ЖШС, жобаны басқаруды – «Эмир строй эксперт» ЖШС жүзеге асыруда.
Құрылыс-монтаж жұмыстары 2024 жылғы қыркүйекте басталған. Толық қаржыландыру жағдайында жоба 2025 жылғы желтоқсанда аяқталады деп жоспарлануда. Бүгінгі күні нысанның дайындық деңгейі 60%-ды құрайды.
Қазіргі уақытта электрмонтаж жұмыстары, жылыту, суық және ыстық сумен жабдықтау құбырларын орнату, жертөледегі желдету жүйесін бөлшектеу және тазалық жұмыстары жүргізілуде.
Перзентхананы қайта жаңғырту – әйелдер мен нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ пациенттер мен медициналық қызметкерлер үшін жайлы әрі заманауи жағдайлар жасауға бағытталған.