Аймақтар

ШҚО-да Металлургтер күніне арналған салтанатты шара өтті

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов шығысқазақстандық металлургтерді кәсіби мерекесімен құттықтады.

“Баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз – Металлургтер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл елімізде жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Металлургия – өнеркәсіптің жүрегі, өңір экономикасының негізі. Қазақстанның индустриялық дамуына металлургтердің қосқан үлестері баға жетпес. Бүгінде металлургия еліміздің экономикасындағы жетекші салалардың бірі болып қалып отыр”, – деп атап өтті облыс басшысы.

Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетінің шамамен 60%-ы базалық сала – түсті металлургияға тиесілі. Қазақстандағы мырыш шикізатының 100%-ы мен аффинирленген күмістің 70%-ы ШҚО-да өндіріледі. Облыста 70-тен астам өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді, олардың 80%-ы – өңдеу секторы.

Әлемде небәрі үш бериллий өндіретін кәсіпорын, ал ТМД елдерінде бес тантал өндіретін өндіріс бар, солардың бірі – Үлбі металлургия зауыты. Бұл – ТМД елдеріндегі тантал өнімін шығаратын жалғыз кәсіпорын және бұл кәсіорынның жылына 200 тонна уран өндіретін атом электр станцияларына арналған отын дайындайтын бірегей өндірісі бар.

Шығыс Қазақстанның ерекше мақтанышы – сирек және стратегиялық маңызы бар металдарды өндіретін кәсіпорындары «Қазцинк», Үлбі металлургиялық зауыты, титан-магний комбинаты, «Востокцветмет» және басқа да кәсіпорындар отандық өнеркәсіптің флагмандары саналады.

“Сіздер өндіретін өнім Қазақстанда ғана емес, әлемнің ірі нарықтарында да сұранысқа ие. Сіздердің кәсібиліктеріңіз, жауапкершіліктеріңіз бен өз ісіне деген адалдықтарыңыз – кәсіпорындардың тұрақты жұмысы мен алға басуының негізі. Ел дамуы мен халықтың әл-ауқатына қосқан еңбектеріңіз орасан. Бұл саланың іргесін қалаған ардагерлерге де алғысымыз шексіз. Металлургия саласы жаңа жетістіктерге жетіп, еліміздің дамуына жаңа серпін берсін!”, – деді облыс басшысы.

Металлургтер күніне арналған салтанатты жиында сала үздіктерін марапаттау рәсімі өтті.

«Еңбек Даңқы» III дәрежелі орденімен «Востокцветмет» ЖШС Артемьев кеніші жер асты учаскесінің тау-кен шебері Серікқан Төлеубаев пен «Қазцинк» ЖШС мыс зауытының балқытушысы Казез Бекшентаев марапатталды.

«Ерен еңбегі үшін» медалі «Қазцинк» ЖШС Малеев кеніші тиеу-жеткізу машинасының машинисі Руслан Қарықбаевқа табысталды.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хатымен «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ уран өндірісі аппаратшысы Михаил Матрёнин, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ №3 цехының пешшісі Юрий Куликов, «ТМК» АҚ №12 цехының балқытушысы Азамат Қожахметов, «Востокцветмет» ЖШС Ертіс кеніші машинисі Нұрлан Есімбеков, «Востокцветмет» ЖШС Артемьев шахтасының машинисі Архат Көпжасаров марапатталды.

Салтанатты шара естелік суретке түсумен аяқталды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button