ШҚО-да жұмысшы мамандықтар көшбасшыларына арналған Жазғы мектеп басталды

Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің оқу-өндірістік базасында жас көшбасшыларға арналған жазғы мектеп өз жұмысын бастады. Лагерь Бұқтырма су қоймасының жағасында, Үлкен Нарын ауданындағы Свинчатка ауылының маңында орналасқан.
Бұл мектеп – жай ғана демалыс орны емес. Бұл – болашақ мамандардың тәжірибе жинап, қабілеттерін шыңдайтын, өзін-өзі дамыту мен қоғам өміріне белсенді араласуға мүмкіндік беретін орта. Жастар үшін бұл – жаңа достар табу, шабыт пен өсу алаңы.
Бірнеше күн бойы лагерь қатысушылары үшін мазмұнды бағдарлама ұйымдастырылған. Олардың қатарында: танысу кеші, алау маңында гитарамен ән салу, спорттық жарыстар, суға шомылу, дискотекалар, Нептун күні, түрлі квесттер мен байқаулар бар.
Бос уақытпен қатар, ойландыратын шаралар да назардан тыс қалмаған. «Менің болашақ мамандығым» тақырыбындағы пікірталастар мен квест-ойындар жастарға кәсіби бағыттарын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді. Бұл – әсіресе биылғы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында маңызды бастама.
Лагерь бағдарламасында экологиялық және этномәдени бағыттар да қамтылған. Қатысушылар «Таза жағалау» атты экологиялық акцияға қатысып, табиғатты қорғаудың маңызын сезінеді. Ал «Өткеннен бүгінге саяхат» атты танымдық EthnoQuest аясында жастар халқымыздың тарихына үңіліп, ұлттық құндылықтарға жақындай түседі.
Ұйымдастырушылар үшін ең маңызды міндеттердің бірі – балалардың қауіпсіздігі. Лагерь аумағында тәулік бойы күзет қойылып, бейнебақылау жүйесі орнатылған. Медициналық қызмет те қарастырылған. Бұл – ата-аналар мен қатысушылардың алаңсыз демалуы үшін жасалған маңызды шаралар.
Жазғы мектептің барлық бағдарламасы колледждің тәжірибелі әрі өз ісіне берілген педагогтары тарапынан жүзеге асырылады.
Бұл жазғы мектеп – бір маусымдық демалыс емес, жастардың бойындағы көшбасшылық қасиеттерді оятып, болашаққа сеніммен қадам басуға жетелейтін ерекше алаң. Бұқтырма жағасында басталған бұл жаз – көптеген студент үшін жаңа идеялар мен шабыттың бастауы болмақ