Шекаралық аудандар шеруі: Катонқарағайда мәдениет пен бірлік мерекесі жұртшылықты жинауда

Шығыстың шырайлы өңірі – Катонқарағайда өңірлік ынтымақ пен ұлттық бірегейлікті айшықтайтын тарихи оқиға өтіп жатыр. Шекаралық аймақтар мен жаңадан құрылған аудандар үшін бұл – өзін көрсетуге, әлеуетін паш етуге үлкен мүмкдік. Осы күндері Катонқарағайда халықаралық «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалімен қатар, облыстық XXIII ұлттық ат спортынан халықтық ойындар өтуде. Аймақтың барша аудандары аталған іс-шараларға белсене қатысып, мәдениеті мен мұрасын, брендтік өнімдері мен туризмін кеңінен таныстыруда.
Аспанмен астасқан таулардың етегінде ақ шаңқан киіз үйлер тігілді. Әр аудан этноауыл құрып, дәстүрлі өнері мен қазіргі жетістігін үйлестіре көрсетуде. Бұл тек мерекелік көрініс емес – жаңарған Марқакөл мен Катонқарағай сынды аудандардың қайта түлеп, елдік тірлікте өз орнын нығайта бастағанының нақты көрінісі.
Зайсан ауданының делегациясы да ұлттық спорт ойындарына үлкен дайындықпен келген.
Катонқарағайда тек спорт емес, мәдениет, өнер, ғылым тоғысқан кеңістік қалыптасты. Марқакөл ауданының өкілдері бұл жиынның символдық қана емес, нақты серпін беретінін ерекше атап өтті.
«Мың естігенше, бір рет көрген артық» дегендей, ауданға алғаш келген азаматтар қатар да мол. Мәдениеті мен мұрасын, дәстүрін арқалап келіп киіз үй тіккен Самар ауданының тұрғындары Катонқарағайдың тамсандырар табиғатын көз тоймайтынын айтады.
Аудандар бұл шараға екі аптадан бір айға дейінгі уақыт ішінде тыңғылықты дайындалған. Әр өңір өз брендіне айналған мәдени мұрасын, туристік бағыттарын, өндірістік әлеуетін арнайы гидтердің сүйемелдеуімен қонақтарға таныстыруда. Бұл – ішкі туризмді дамытуға да, ұлттық бірегейлікті күшейтуге де жол ашатын маңызды алаң.