ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ АХУАЛДЫ ЖАҚСАРТУ – ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ ЭКОНОМИКАСЫН ӘРТАРАПТАНДЫРУДЫҢ НЕГІЗІ

Инвестиция тарту және кәсіпкерлікті қолдау – өңірдің экономикалық әлеуетін арттырудың маңызды бағыттарының бірі. Жаңа өндірістерді іске қосу, жұмыс орындарын құру және шағын әрі орта бизнестің дамуына жағдай жасау экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Ұлытау облысы табиғи ресурстарға бай, өнеркәсіптік базасы қалыптасқан және инвестициялық мүмкіндіктері жоғары өңірлердің бірі. Әсіресе, металлургия, тау-кен өндірісі, машина жасау, энергетика және инфрақұрылым салаларында жаңа жобаларды жүзеге асыруға әлеует жеткілікті.
2026 жылғы 30 маусымда өткен «Ulytau Invest–2026» Қазақстан–Қытай инвестициялық форумы аясында жалпы құны 368,6 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық меморандумдарға қол қойылды. Бұл келісімдер тұрғын үй қорын және қалалық инфрақұрылымды жаңғырту, өнеркәсіпті дамыту, өндірістік қауіпсіздікті күшейту, төмен көміртекті индустриялық кластер қалыптастыру және жел электр станцияларын салу бағыттарын қамтиды.
Өңірді дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған жоспарында өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму саласында жалпы сомасы 920 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобаларды іске асыру көзделген. Олардың нәтижесінде екі мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Сонымен бірге шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау тетіктері де қарастырылған. Атап айтқанда, әлеуметтік кәсіпкерлік жобаларына гранттар беру, кәсіпкерлердің банктік кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және кредиттерге ішінара кепілдік беру шаралары жоспарланған.
Бұл бастамалар жергілікті кәсіпкерлердің қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа бизнес жобаларды жүзеге асыруына жағдай жасауға бағытталған.
Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен аудан орталықтарында кәсіпкерлікті дамыту өңір экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, өндірістік кәсіпорындарға қызмет көрсететін шағын бизнес субъектілерін, өңдеу саласын және қызмет көрсету секторын қолдау маңызды.
Инвестициялық ахуалды жақсарту – тек қаржы тарту емес, сонымен қатар инвесторларға қолайлы жағдай жасау, әкімшілік кедергілерді азайту және жергілікті кәсіпкерлердің әлеуетін арттыру.
Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар Ұлытау облысының экономикалық белсенділігін күшейтіп, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарының қалыптасуына ықпал етеді.



